2022 жылғы 1 шілдеде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың активтері 2022 жылғы 2 тоқсанда 10%-ға, жыл басынан бері 17,6% өсіп, 1,8 трлн теңге болды.
Активтердің ұлғаюы негізінен 50 АЕК-ке дейінгі сомадағы қысқа мерзімді микрокредиттер сегментінде кредиттік портфельдің өсуіне байланысты болды.
МҚҚЖҰ құрылымында активтердің басым үлесі – 997 млрд теңге немесе 54%-ы микроқаржы ұйымдарына, 608 млрд теңге немесе 33%-ы кредиттік серіктестіктерге, 240 млрд теңге немесе 13%-ы ломбардтарға тиесілі.
МҚҚЖҰ несие портфелі 2022 жылғы 2 тоқсанда, негізінен, жеке тұлғаларға берілген қарыздардың өсуі нәтижесінде 106 млрд теңгеге немесе 7%, жыл басынан бері өсу 19% ұлғайып, 1,6 трлн теңгені құрады.
2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жеке тұлғаларға берілген қарыздар көлемі 2022 жылғы 2 тоқсанда 8% ұлғайып, 1,2 трлн теңгені құрады. Оның ішінде дара кәсіпкерлерге берілген қарыздар 7,4% 211,1 млрд теңгеге дейін өсті.
Заңды тұлғаларға берілген қарыздар 2022 жылғы 2-тоқсанда 2,7% 418,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды, 2022 жылдың басынан бері өсім 21,7%-ды құрады.
МҚҚЖҰ портфеліндегі 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың (NPL) деңгейі 2022 жылғы 1 шілдеде 5,4%-ды (2022 жылғы 1 қаңтарда – 4,5%) құрады.
Жеке тұлғалар портфеліндегі NPL деңгейі 7%-ды (2022 жылғы 1 қаңтарда – 5,8%) құрады. Жеке тұлғаларға берілетін қарыздар сапасының нашарлауы, негізінен, 50 АЕК дейінгі сомадағы қысқа мерзімді микрокредиттер сегментінде байқалады.
Заңды тұлғалар портфеліндегі NPL деңгейі ағымдағы жылдың басынан бастап 0,2 п.т.-ға аздап төмендеп, 0,5%-ды (2022 жылғы 1 қаңтарда NPL деңгейі 0,7%-ды құрады) құрады.
МҚҚЖҰ міндеттемелері 2022 жылғы 2-тоқсанда 12,5%-ға немесе 135,6 млрд теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 шілдеде 1,2 трлн теңгені (жыл басынан бері өсу – 21%) құрады. Жиынтық міндеттемелер МҚҚЖҰ міндеттемелерінің құрылымында үлесі 81%-ды немесе 986 млрд теңгені құрайтын тартылған қарыздардың 13%-ға немесе 113,5 млрд теңгеге ұлғаюының нәтижесінде өсті.
2022 жылғы 2-тоқсанның қорытындысы бойынша МҚҚЖҰ меншікті капиталы 5,4%-ға ұлғайып, 628,1 млрд теңгені (жыл басынан бері өсу – 10,7%) құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі бөлінбеген таза пайданың 16,1 млрд теңгеге немесе 7,1%-ға ұлғаюымен қамтамасыз етілді.