Халыққа берілген несие бір айда 1,3% ұлғайып, 24 трлн теңге болды (2025 жылдың басынан 16,2% өсім). Халыққа берілетін несиелер құрылымында тұтынушылық қарыздар 1,5%, 16,2 трлн теңгеге дейін өсті. Ипотекалық несиелер бір ай ішінде 1,3%, 6,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

2025 жылғы қыркүйекте халыққа берілген жаңа қарыздар 1,7 трлн теңге болды. Ал 2025 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 14,6 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 12,8% көп болды.

2025 жылғы қыркүйекте халыққа ұлттық валютада берілген несиелер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 0,4 пайыздық тармаққа ұлғайып, 19,7% болды. Ипотекалық қарыздар бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 9,9%, ал тұтынушылық қарыздар бойынша 20,9% болды.

Несие портфелінің сапасы жоғары деңгейде сақталып отыр. 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздар (NPL90+) деңгейі өткен ай деңгейінде қалып, несие портфелінің 3,5%-ын немесе 1,5 трлн теңгені құрады.

Бизнеске берілген несиелерде NPL90+ қарыздардың үлесі 2,3% немесе 388 млрд теңге болды (01.01.2025 ж. – 2,1% немесе 304 млрд теңге). 2025 жылғы қыркүйекте халықтың несиелері бойынша проблемалық берешектің үлесі 4,5% немесе 1 079 млрд теңге болды (01.01.2025 ж. – 3,8% немесе 790 млрд теңге).

Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып отыр және 63,6% болды (01.01.2025 ж. – 67%).