Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) Halyk Global Markets компаниясымен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттың бұзылатынын хабарлады.
Қор бұл туралы хабарламаны 2025 жылғы 30 желтоқсанда алған. Шартты бұзуға Halyk Bank-тің еншілес құрылымы саналатын инвестициялық портфельді басқарушы компанияның өзі бастамашы болған.
Сенімгерлік басқару шарты 2021 жылғы 18 ақпанда жасалған. Айта кетерлігі, ереже бойынша, басқарушының бастамасымен шарт бір толық күнтізбелік жыл өткеннен кейін ғана, яғни бұл жағдайда 2026 жылғы 31 желтоқсаннан кейін бұзылуы мүмкін.
Осындай хабарламаның болуына байланысты БЖЗҚ салымшылардан зейнетақы жинақтарын Halyk Global Markets басқаруына аудару туралы жаңа өтініштерді қабылдауды тоқтатады.
Шарт бұзылған жағдайда, сенімгерлік басқарудағы барлық зейнетақы активі ақшалай қаражат түрінде Қазақстан Ұлттық банкінің басқаруына қайтарылады.
Егер басқару қорытындысы бойынша алынған номиналды табыстылық пен зейнетақы активтерінің ең төменгі мәні арасында теріс айырмашылық (шығын) туындаса, басқарушы оны толық өтеуге міндетті. Мұндай айырмашылық 2027 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есептеледі.
Мүмкін болатын шығындар өтелгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде зейнетақы активтері қабылдау-беру актісі негізінде БЖЗҚ-ның Ұлттық банктегі кастодиандық шотына қайтарылуға тиіс.
Қордағылар қазіргі тәртіп зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беретінін және салымшылар үшін қаржылық тәуекелдерді жоққа шығаратынын атап өтті.
Бұл ретте салымшылар өз зейнетақы жинақтарын Ұлттық банктің басқаруына немесе басқа инвестициялық портфельді басқарушыға аудару құқығын сақтап қалады. Мұны қаражат сенімгерлік басқаруға берілген күннен бастап бір жыл өткеннен кейін, инвестициялық стратегия салымшының жасына сәйкес келген жағдайда жасауға болады.
Айта кетсек, бүгінгі таңда Қазақстанда зейнетақы портфельдерін басқаратын бес жеке компания бар, сондай-ақ ұқсас функцияларды Ұлттық банк те жүзеге асырады (бастапқыда зейнетақы активтері дәл осы Ұлттық банктің басқаруына түседі).
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Halyk Global Markets сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен 6,98 млрд теңге болды.