Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, өткен жылы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған гранттар бойынша бөлінген қаражаттың 20%-ы мақсатсыз немесе тиімсіз жұмсалған. 

Анализ көрсеткендей, 1,3 мыңнан астам грант иегері міндетті зейнетақы жарналарын мүлде төлемеген, ал 500-ден астам азаматтың жарнасы тым төмен болған. Министр Светлана Жақыпованың айтуынша, осыған байланысты бақылау күшейтіліп, кейбір жағдайларда қаражатты бюджетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Күшейтілген бақылаудан кейін 1,1 мыңнан астам грант алушы тұрақты түрде зейнетақы жарнасын төлей бастады. Бұл олардың бизнесін формальды тіркеп, заңды айналымға енгізу процесін жеделдеткенін көрсетеді.

Биылдың өзінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 4 мыңнан астам грант бөлінді. Қаражаттың басым бөлігі шағын шаруашылықты дамытуға және технологиялық құрал-жабдық сатып алуға жұмсалады.