Бүгінгі таңда Қазақстан аумағының 65%-ы геологиялық тұрғыдан әлі де жеткілікті зерттелмеген. Елде геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 3 мың лицензия берілген, алайда оларды іске асыру үшін қосымша инвестициялар қажет. Сонымен қатар, қорлардың халықаралық стандарттар (JORC/KAZRC)1 бойынша жеткілікті деңгейде расталмауы бірқатар жобалардың қаржыландыруға қол жеткізуін шектейді. Осыған байланысты Junior Mining Platform іске қосу геологиялық барлау саласына инвестиция тарту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар қалыптастыруға және кедергілерді азайтуға бағытталған.

MINEX Kazakhstan 2026 форумы қарсаңында «Астана» халықаралық қаржы орталығы геологиялық барлау жобаларының бастапқы кезеңіне инвестициялар тартуға арналған арнаулы платформа – Junior Mining Platform іске қосылғанын жариялады. Бастаманың басталуы және юниорлық компаниялардан (геологиялық барлаудың бастапқы кезеңіне маманданған кәсіпорындар) өтінімдерді қабылдау АХҚО-ның Тау-кен сектор жөніндегі сарапшылар кеңесінің (Кеңес) алғашқы отырысында жария етілді.

АХҚО жанынан консультативтік алаң ретінде құрылған Кеңес заманауи қаржылық құралдарды енгізу және жеке капитал тарту арқылы Қазақстанның тау-кен және металлургия кешенін дамытуды көздейді.

Кеңес құрамына саланың жетекші қатысушылары, соның ішінде ұлттық компаниялар мен халықаралық инвесторлардың, сондай-ақ АХҚО өкілдері кірді, олар: «Тау-Кен Самұрық» ҰГК» АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметов, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Галиев, Solidcore Resources компаниясы бас директорының орынбасары Аида Әлжанова, Aurora Minerals Group негізін қалаушы Саид Сұлтанов, Arras Minerals Corp. бас директоры Тим Барри, АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев және т.б.

Junior Mining Platform – бұл АХҚО юниорлық компаниялар мен инвесторлар арасын жалғаушы буын ретінде әрекет ететін платформа. Платформа бірқатар өлшемшарттарға сәйкес алдын ала скринингтен және іріктеуден өтетін жобалардың құрылымдалған ағынын қалыптастырып, кейін оларды халықаралық және отандық инвесторларға ұсынады. Осылайша, платформа инвесторларға тау-кен металлургия саласындағы әртүрлі жобаларға, ал лицензия иелеріне капиталға қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев атап өтті:

«Бүгінде сала үшін негізгі сын-қатер – бастапқы кезеңдерде капиталға құрылымдалған қолжетімділіктің тапшылығы. Junior Mining Platform дәл осы мәселені шешуге бағытталған: біз жобаларға ерте кезеңде қаржыландыру тартуға мүмкіндік беретін, ал инвесторларға индустрияда танылған өлшемшарттар бойынша іріктелген жобалар базасына қол жеткізуді қамтамасыз ететін ашық әрі түсінікті орта қалыптастырамыз».

AIFC Insights-тың «Қазақстан минералдар саласындағы инвестициялық хаб: АХҚО арқылы әлеуетті ашу» атты есебіне сәйкес, Қазақстан зор ресурстық әлеуетке ие. 2024 жылы тау-кен секторы ЖІӨ-нің 12,1%-ын және елдің жалпы экспортының шамамен 33%-ын қамтамасыз етті. Елде мыс, алтын, хром, сирек жер металдары және басқа да пайдалы қазбалардың ірі қоры бар. Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлеміндегі металлургия мен тау-кен жобаларының үлесі 17%-ды ($3 млрд) құрайды, ал 2050 жылға қарай әлемдік тау-кен саласының капиталға деген қажеттілігі $2,1 трлн-ға жетпек.

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағының 65%-ы геологиялық тұрғыдан әлі де жеткілікті зерттелмеген. Елде геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 3 мың лицензия берілген, алайда оларды іске асыру үшін қосымша инвестициялар қажет. Сонымен қатар, қорлардың халықаралық стандарттар (JORC/KAZRC)1 бойынша жеткілікті деңгейде расталмауы бірқатар жобалардың қаржыландыруға қол жеткізуін шектейді.

Осыған байланысты Junior Mining Platform іске қосу геологиялық барлау саласына инвестиция тарту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар қалыптастыруға және кедергілерді азайтуға бағытталған. Бастама шеңберінде АХҚО халықаралық практикада кеңінен қолданылатын қаржылық құралдарды, соның ішінде роялти2, стриминг3, earn-in келісімдерін4 және т.б. енгізуді жоспарлап отыр. Бұл юниорлық компаниялар мен инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылдың түсінікті моделін қалыптастырып, бастапқы кезеңдегі жобалардың инвестициялық тартымды активтерге айналу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

2019 жылдан бастап Astana International Exchange биржасында Қазақстанның ғана емес, бүкіл өңірдің тау-кен секторындағы компаниялары (дамуының ілгері кезеңіндегі ірі компаниялар және юниорлық компаниялар) листингтен өте алатын арнайы сегмент жұмыс істейтінін еске саламыз.

Юниорлық компаниялар Платформа жобасына қатысуға өтінім беріп, іріктеу өлшемшарттарымен  АХҚО-ның ресми сайтында мына сілтеме арқылы таныса алады.