Orbis Kazakhstan компаниясы Қытайдың әйгілі Geely брендіне тиесілі Coolray және Emgrand модельдерін Қазақстанда шығарады. Өндіріс Алматы қаласында салынып жатқан Orbis Manufacturing зауытында жүзеге асырылады.

Geely Coolray – ықшам кроссовер, ал Geely Emgrand – седан көлік.

Екі модель де CKD (тұтастай бөлшектеу) технологиясы бойынша, жоғары деңгейде жергіліктендірумен және озық өндірістік шешімдерді қолдану арқылы құрастырылады.

Аталған жоба Geely Automobile International Corporation компаниясымен бұған дейін жасалған стратегиялық әріптестік туралы келісім аясында іске асырылуда. Қазіргі уақытта тараптар жобаны жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

«Біз бәсекеге қабілетті автокөлік шығаратын заманауи өндірістік алаң қалыптастырудамыз. Geely компаниясымен бірлесе отырып жүзеге асырылатын өндірісті жергіліктендіру процессі – бұл жай ғана жоба емес, екі тарап арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтатын стратегиялық қадам. Orbis Kazakhstan құрамындағы G-Motors Kazakhstan еншілес компаниясы бірнеше жылдан бері Geely маркасының Қазақстандағы ресми дистрибьюторы болып келеді. Біз брендтің нарықтағы жетістіктерін айқын көріп отырмыз: автокөлікке деген сұраныс жоғарлауда, сату көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді. Енді біз дамудың жаңа кезеңіне – өндірісті жергіліктендіруге қадам басудамыз», — деді Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Фаррух Махмудов.

Orbis Manufacturing зауытының құрылысы 2025 жылы Алматы қаласының индустриялық аймағында басталды. Кәсіпорынды салу және іске қосу кезеңдеріне салынатын жалпы инвестиция көлемі 100 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында 1500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Geely автомобильдерінің өндірісі 2027 жылы басталады деп жоспарланған.