Олжас Бектенов пен GE HealthCare трансұлттық компаниясының басшысы елімізде медициналық жабдықтар өндірісін құру жобасының орындалу барысын қарады
Премьер-министр Олжас Бектенов жаһандық инвестиция жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел аясында GE HealthCare өңірлік президенті Костас Делигианниспен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қол қойылған Қазақстан аумағында GE HealthCare жоғары технологиялық диагностикалық медициналық жабдықтарының жаңа өндірісін ұйымдастыру туралы келісімді жүзеге асыру барысы қаралды.
General Electric америкалық трансұлттық конгломератының еншілес кәсіпорны GE HealthCare медициналық жабдықтар, фармацевтикалық препараттар өндіруде, сондай-ақ саладағы цифрлық шешімдер мен деректерді талдау жүйелерін енгізуде әлемдік көшбасшылардың бірі.
Кездесуге қатысушылар озық медициналық диагностикалық құрал-жабдықтар өндірісін локализациялау мәселелерін, Қазақстанда өндірістік алаң мен клиникалық бейнелердің орталықтандырылған ұлттық мұрағатын құру жоспарларын талқылады. Локализациялаудың бірінші кезеңінде шығарылатын жабдықтар желісін одан әрі кеңейте отырып, соңғы буынның компьютерлік томографтары мен ультрадыбыстық диагностика аппараттарын шығару жоспарланып отыр. Медициналық бейнелердің орталықтандырылған мұрағаты пациенттердің медициналық деректерінің қауіпсіздігін және дұрыс сақталуын қамтамасыз ететін Бірыңғай цифрлық денсаулық сақтау кеңістігін құруға мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов Үкімет жұмысы басым бағыттарының бірі қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге бадарланған сапалы, қолжетімді әрі заманауи медициналық инфрақұрылым құру екенін атап өтті. Денсаулық сақтау саласында цифрлық шешімдер енгізудің, ауруханаларды жаңғырту мен сапалы жабдықтаудың, білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығы айтылды.
Өз кезегінде Костас Делигианнис компанияның қазақстандық нарықтағы қатысуын кеңейту жоспарлары туралы баяндады. Еліміздің медициналық мекемелері, соның ішінде жетекші клиникалар қазірдің өзінде 3 мыңнан астам GE Healthcare жабдығын пайдаланады. Мемлекеттік онкологиялық бағдарлама аясында өңірлерде жүзден астам маммографтар құрылды. GE Healthcare алаңдарында 6 мың қазақстандық маман оқытылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар еліміздің денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру аясында тығыз ынтымақтастыққа ниетті екенін растады.