Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда сұйытылған мұнай газының қымбаттайтынын мәлімдеді.
«Біз сұйытылған мұнай газының бағасын жыл сайын көтеруді жоспарлап отырмыз. Биыл шамалы өсу жоспарлануда – өңірлерге байланысты шамамен 5-8 теңге. Бұл өсім министрліктің көктемгі жоспарында», – деді министр ведомствоның алқа мәжілісінде.
Еске салайық, бұған дейін Энергетика министрлігі басшысы Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы ең төмен елдердің бірі – 54-86 теңге екенін атап өткен болатын.
«Сұйытылған мұнай газын өндірудің тиімсіздігіне байланысты сала шығынға ұшырауда, жүйелі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және жаңғыртуға қаражат салынбайды», – деді энергетика министрі.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын тұтыну 400 мың тоннаға (немесе 2022 жылмен салыстырғанда 28%) өсіп, 2,2 млн тоннаны құрады.
«Бірақ оған белгіленген шекті көтерме баға өнімнің өзіндік құнынан төмен деңгейде қалады. Мысалы, сұйытылған мұнай газын өндіру құны тоннасына 60-70 мың теңгені құрайды, өңдеуші кәсіпорындар үшін бекітілген шекті көтерме баға ҚҚС-сыз тоннасына 40 320 теңгені құрайды», – деді Алмасадам Сәтқалиев.