Яндекс-тің антифрод жүйесін әзірлеу тобының жетекшісі Осип Чин-Го-Пин BeeTech конференциясында іздеу жүйесіндегі фродпен күресу жайында өз тәжірибесін бөлісті. Сарапшының айтуынша, өз сайттарын жасанды жолмен көтергісі келетіндер көбейіп жатыр.
Фрод дегеніміз іздеу нәтижесінде бірінші боп шығатындай схемаларды қолданатын сайттар мен порталдар. Бұл қолданушыға қызық және ашық контент алуға кедергі келтіреді.
«Ең алдымен, іздеу нәтижесінде сапасыз нәрсе шықса, бұған қолданушы наразы болуы мүмкін. Кейде іздеудің жоғарғы жағында болуға лайық емес сайттар бірінші орынға шығып кетеді. Егер осындай фродты өткізіп жіберетін болсақ, онда біздің қолданушылар үшін қызықты дүние жеткіліксіз болуы мүмкін», — дейді Осип.
Сарапшының сөзінше, лайық емес контентті алға шығарып жіберу үшін әлдекімдер әр түрлі амалды қолданады.
«Фрод қалай алға шығып кетеді? Шын мәнінде әртүрлі роботтар мен арнайы парсерлерді жазатын адамдардың тобы бар. Кейде олар мұны монетизациялауға тырысады. Кейін осындай сұр жолмен жасалған оңтайландыру схемасын сатады. Біз, әрине, мұны құптамаймыз. Біз табиғи жолмен танылған контент және шынайы трафикті көтеруге мүдделіміз», — дейді Осип.
Яндекс өкілі іздеу нәтижесінің бірінші бетінде тек қана релевантты және шынайы сапалы контент болғанын қалайтынын айтып, сондықтан фродқа қарсы жүйелі жұмыс жалғасатынын мәлімдеді.