ForteBank Қазақстан тарихында банктер арасында алғаш рет қытай юанінде синдикатталған қарыз алды. Банк үш жыл мерзімге 750 млн юань көлемінде қаржыға қол жеткізді, деп хабарлайды KASE.

Мәміле инвесторлар тарапынан жоғары қызығушылық тудырып, бастапқы жоспарланған көлемнен екі есе артық орындалды. Синдикатқа бес халықаралық банк кірді. Негізгі ұйымдастырушылар қатарында ICBC Standard Bank plc / ICBC Almaty JSC, First Abu Dhabi Bank PJSC және Қытайдың Экспорт-импорт банкі бар. Сонымен қатар, Altyn Bank ұйымдастырушы ретінде қатысты.

ForteBank басқармасы мәмілені Қазақстан қаржы нарығы үшін маңызды оқиға деп бағалады.

«Бұл – еліміздегі коммерциялық банк тартқан алғашқы юаньдегі синдикатталған қарыз. Ол баламалы валюталық құралдардың рөлін арттырып қана қоймай, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтады», – делінген банк хабарламасында.

Тартылған қаражат металлургия, өнеркәсіп және өзге де стратегиялық салалардағы ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. ForteBank бұл бастама өндірістік қуаттарды жаңғыртып, жаңа технологияларды енгізуге және Қазақстан экономикасының халықаралық аренадағы позициясын күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.