Қарағанды қаласындағы Сарыарқа халықаралық әуежайы FlyArystan қазақстандық лоукостерінің жаңа халықаралық бағыты – Қарағанды – Ыстамбұл рейсі үшін бастапқы нүктеге айналды.

Инаугурациялық FS7915 рейсі 2025 жылғы 4 маусымда Қарағандыдан Ыстамбұлдың халықаралық әуежайына заманауи әрі жайлы Airbus A320 ұшағымен орындалды. Жаңа бағыттың ашылуына орай жолаушыларды мерекелік атмосферамен шығарып салып, түрік тәттілерімен қарсы алды.

«Біз халықаралық бағыттар желісін кезең-кезеңімен кеңейтіп келеміз. Қарағанды – Ыстамбұл бағытының іске қосылуы осы жолдағы маңызды қадамымыз болды. FlyArystan – бұл екі қала арасында тікелей әуе қатынасын ұсынатын алғашқы әрі әзірге жалғыз әуе тасымалдаушы. Бұған дейін біз Ақтаудан Ыстамбұлға тұрақты рейстерді жүзеге асырып келеміз. Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы іскерлік байланыстардың, туризм мен мәдени алмасудың дамуына тың серпін беретініне сенімдіміз», — дейді «FlyArystan» АҚ Президенті Ричард Леджер.

Қарағанды – Ыстамбұл – Қарағанды бағыты бойынша рейстер 2025 жылғы 29 тамызға дейін аптасын екі рет – сәрсенбі және жұма күндері орындалады. Ұшу ұзақтығы шамамен 6 сағат 15 минутты құрайды.

Ұшу және келу уақыты (жергілікті уақыт бойынша) белгіленген түрде болады: ұшақ Қарағандыдан сағат 14:20-де ұшып шығып, Ыстамбұлға 18:35-те қонады. Қайтар бағытта ұшақ Ыстамбұлдан 19:20-да ұшып, Қарағандыға келесі күні таңғы 02:30-да жетеді.

Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе байланысын нығайтудағы маңызды қадам болды. Орталық Қазақстанның жүрегінде орналасқан және елдің жетекші өнеркәсіптік, білім беру әрі мәдени орталықтарының бірі саналатын Қарағанды енді Түркияның ең ірі қаласы – Ыстамбұлмен тікелей әуе қатынасын ашты.

Тұрақты рейстермен қатар, 2025 жылғы жазғы маусымда FlyArystan Түркияның танымал курорттарына чартерлік рейстерді де ұсынады. Мамырдан қыркүйекке дейін туроператорлармен бірлесіп, әуекомпаниясы Антальяға Атырау, Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Қостанай және Қызылорда қалаларынан, ал Газипашаға Астанадан рейстерді орындайды.