Қазақстандық лоукостер FlyArystan қостанайлық ерекше қажеттіліктері бар балаларға «Жұлдызай» Ұлттық инклюзивті ойындарына қатысу үшін әуе билеттерін ұсынды.
Қысқы инклюзивті ойындар 26-27 ақпан күндері Астана қаласында өтті, шара еліміздің түрлі өңірлерінен келген 150-ге жуық балалар мен жасөспірімдерді біріктірді.
«Ерекше қажеттіліктері бар балалардың спорттық дамуына бағытталған бастамаларды қолдау – инклюзивті қоғам қалыптастыруға қосылған үлес. Біз үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін және балалардың өз әлеуетін ашуына көмектесетін жобаларды қолдау маңызды», — деді «FlyArystan» АҚ президенті Ричард Леджер.
Ойындарды «BI Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Қор 20 жылдан бері елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағытында әлеуметтік жобаларды іске асырып келеді.
«Жұлдызай» Ұлттық инклюзивті ойындары – ерекше спортшыларымыздың өміріндегі маңызды әрі жарқын оқиғалардың бірі. Балаларымыз үшін мұндай сапарлар жай ғана жарыс емес, сенімділікке, әлеуметтенуге және жаңа мүмкіндіктерге бастар маңызды қадам. Қысқы инклюзивті ойындарға балаларымыздың қатысуын қолдағаны үшін FlyArystan компаниясына шынайы алғысымызды білдіреміз», — деді «Жұлдызай» жобасының жетекшісі Алмагүл Салимбаева.

10-16 жас аралығындағы қатысушылар шаңғы жарысы, конькимен жүгіру спорты және парахоккей бойынша сынға түсті. Көпшілігі үшін бұл туған қаласынан алғаш сапарлау және ұлттық деңгейдегі спорттық іс-шараға алғаш қатысу тәжірибесі болды.
Инклюзивті жобаларды қолдау – әуекомпанияның әлеуметтік саясатының бір бөлігі. Бұл бастамалар ел бойынша балалар мен жасөспірімдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.