Fitch агенттігі банк секторының 2020 жылдың I тоқсанындағы шолуын жариялады.

Құжат елдегі банк секторы активының 99 пайызына ие 24 банкті қамтиды.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басында агенттік қазақстандық банктер туралы болжамын "тұрақтыдан" "теріске" өзгерткен еді.

Бағалау барысында мұнай бағасының өзгеруі, пандемия мен оның экономикаға әсері және ұлттық валютаның әлсіреуі ескерілді.

"Қазақстан экономикасының әлсіреуі банк секторы активы мен оның табыстылығына кері әсер етеді. Мемлекеттің қабылдаған шаралары қазіргі келеңсіз уақыттың зиянын толығымен жаба алмайды. Бірінші тоқсандағы мәлімет банк секторының қаншалықты зиян шеккенін толық көрсете алмайды. Өйткені, экономиканың бәсеңдеген негізгі уақыты наурыз айының соңы мен сәуірдің басы", – делінген шолуда.

Агенттіктің мәліметінше, банктердің несиелеу мүмкіндіктері I тоқсанда тұрақты болғанымен, алдағы уақытта төмендеуі мүмкін.

"Болжам бойынша, несиенің құнсыздануы 5-7% деңгейіне жетуі мүмкін. Биыл бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 2% болды, былтыр 1,5% болған. Жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнеске берілген несиенің қайтпай қалу ықтималдығы жоғары. Оның үстіне банктердің көпшілігінде әлі де нашар несие үлесі жоғары", – дейді агенттік.

Сарапшылардың айтуынша, дей тұрғанмен, банктердің экономиканың бәсеңдеуіне қарсы тұрақтылығы жоғары. Банктердің көбі жоғары табыстылық пен капиталдың жеткіліктігімен өз шығындарын жаба алатын деңгейде.

"2017-2019 жылдардағы банк секторының "тазалануынан" кейін қазір елде тек аз ғана ұсақ банктер қалды. Оларға жалпы активтың 15-20 пайызы тиесілі. Ұсақ банктердегі клиенттердің қорландырылуы 1 пайыз азайды. Алдағы уақытта осы банктерден клиенттер ығысып кетуі мүмкін. Бірақ ликвидтіліктің арқасында банктер өздерін сақтап қала алады", – дейді Fitch.