Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы бейне конференция форматында өтті.
Онлайн саммитке Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.
Жиынның күн тәртібінде 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық дамуы туралы мәселе талқыланды. Отырыс барысында Мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын, соның ішінде, Кубаға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру мәселесін қарастырды.
"Шикі стратегия"
Қазақстан Президенті өз сөзінде «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжаттың жобасына ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл маңызды құжатты қабылдау идеясын қолдай отырып, Стратегияның кейбір бөлімдерін қайта талқылап, әлі де пысықтай түсу керек екенін айтты.
– Алдағы бірнеше жылға арналған интеграцияның негізін қалайтын аталған құжаттың ерекше маңызды екенін ескере отырып, оны әлі де талқылап, бетпе-бет кездесу барысында қабылдаған жөн. Ерте ме, кеш пе, біз бір-бірімізбен кездесеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент осы құжатқа қатысты бірқатар түсіндірме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте тауарлардың кедергісіз әрі шектеусіз тасымалын іс-жүзінде қамтамасыз ету, секторлар бойынша тараптармен келісілген бірыңғай қызмет көрсету нарығын кезең-кезеңімен құру, ортақ энергетикалық және қаржы нарығына дайындалу қажет деп санайды.
Денсаулық пен білім-ғылымды әр мемлекет өзі шешуі керек
Мемлекет басшысы Одаққа мүше елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың көпқырлы екенін атап өтіп, оның экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық қатынастарды қамтитынын жеткізді.
– Сондықтан аталған мәселелерді бесжақты форматта Еуразиялық экономикалық комиссияны қатыстыра отырып қарастыру, оның нақты іске асуын қиындатады. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру, оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни, 2015 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Қоғамның қарсылығы туындауы мүмкін..."
Қазақстан Президентінің айтуынша, интеграциялық жұмыс ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескеруге тиіс әрі ұлттық заңнаманы үйлестіру және біріздендіру мәселелерін қарастыру кезінде «жеткілікті қажеттілік» қағидатын ұстануы керек.
– Стратегияда ұсынылған заңнаманың «үйлестіруге және біріздендіруге» қатысты құқықтық жауапкершілік орнату бөліміндегі әкімшілік және қылмыстық, кеден ісі, техникалық реттеу, тұтынушылардың құқығын қорғау сияқты бірқатар сала, біздің пікірімізше, ақылға қонымды жеткіліктілік қағидатына әлі де толық жауап бермейді. Ал бұл ұлттық қоғамдық ой-пікірдің Стратегияны қабылдамауына алып келеді. Өйткені Стратегия үкіметтер мен парламенттердің дербес құқығын шектейді, – деді Президент.
Мүше мемлекеттердің өзге елмен саудасына "Мәскеу" араласпауы керек
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттігін кеңейту мәселелеріне мұқият болуға шақырды.
– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің қызмет көрсету, өзара сауда мәселелері бойынша үшінші елмен өткізетін екіжақты келіссөздеріне Комиссияның қатысу құқығын беру қосымша зерттеуді қажет етеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы дәл қазіргі жағдайда Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастықтың басым бағыты экономиканы қайта қалпына келтіру мәселесі бойынша құрылуы керек екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Парламентінің Еуразиялық экономикалық одаққа бақылаушы мемлекет ретінде кіру туралы шешімін құптады.
Кей мәселелерде ықпалдастықты тереңдету де қажет
Мемлекет басшысы өзара сауда, бизнесті қолдау, цифрландыру және көліктік логистика салаларындағы ықпалдастық мәселелерін одан әрі нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Біріншіден, Қазақстан Президенті пандемия кезінде пайда болған барлық шектеулер мен кедергілерді кезең-кезеңімен алудың жоспарын жасау қажет деп санайды.
– Біздің денсаулық сақтау, санитарлық, ветеринарлық және өзге де бақылаушы ведомстволарымыз дағдарыстан сабақ алып, сондай-ақ, бір жағынан азаматтарымыздың денсаулығын сақтайтын, екінші жағынан тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ететін ықпалдастықтың тиімді механизмдерін ұсынуы қажет. Пандемияға қарсы күрес кезінде, одан кейінгі шектеулер алынған кезеңде де көлік құрылымдарының, санитарлық қызметтердің, шекаралық ведомстволардың жұмысы жүйелі болуы маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақпараттық жүйені біріктіру
Мемлекет басшысы екінші мәселе ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың ақпараттық жүйесін біріктіру жұмыстарын қолға алудың маңыздылығын айтты.
– Мемлекеттік органдарымыздың ықпалдастық орнатқан негізгі аспектілерін цифрландыру арқылы біздің елдеріміз бизнес-процестерді жеңілдетуге, өзара тауар айналымын арттыруға, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға қол жеткізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одақ ішінде тауар айналымын оңайлату керек
Үшіншіден, Қазақстан Президенті көлік-логистика қызметін дамыту қажет деп санайды.
– Аталған бастама аясында біз ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды бастап кеттік. Ол 2022 жылға қарай 24 көтерме-тарату орталығынан тұратын болады. Бұл 5 миллион тонна ауыл шаруашылық өнімін сақтап, өңдеп, таратуға мүмкіндік береді. Одаққа мүше мүдделі елдердің арасында тауар таратудың ортақ жүйесін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Тауарды таңбалауды қоя тұру қажет
Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қолдау мәселесіне де ерекше назар аударды. Президент қазіргідей дағдарыс кезеңінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің барлық ресурсы жұмыс орындарын тұрақтандыруға және сақтап қалуға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Одақтың шығыны көп жекелеген шешімдерін орындау, атап айтқанда, қазіргі дағдарыс жағдайында кейбір тауар түрлерін міндетті түрде таңбалау аса қажет емес деп есептейді.
Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қаржы-экономика министрліктері басшыларының, жалпы үкіметтердің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі сыртқы сын-қатерлер мен экономиканы дамытуға қатысты шараларды талқылау үшін арнайы алаң ашып, оны белсенді қолданудың маңыздылығын мәлім етті.
Келесі кездесу күзде Минскте...
Саммит қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжат негізінен мақұлданғанымен, қабылданған жоқ. Одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен Комиссияға Стратегияны пысықтау тапсырылды.
«Еуразиялық бестіктің» көшбасшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысын 2020 жылдың күзінде Минск қаласында өткізуге уағдаласты.