2021 жылы 25 қарашада сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, онда мал, картоп және көкөністі экспорттауға тыйым салу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Нәтижесінде Ведомствоаралық комиссия барлық жас топтарындағы ірі қара малды 6 айға, сондай-ақ картоп пен сәбізді 3 ай мерзімге Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға толық тыйым салуды енгізуді мақұлдау туралы шешім қабылдады.
Қазіргі уақытта ішкі нарықта ірі қара және ұсақ мал етіне бағаның өсуі байқалады. Ағымдағы жылдың қараша айында республика бойынша сиыр етінің бағасы бір килограмм үшін орта есеппен 2 239 теңгені құрады. Жыл басынан бері баға 15% - ға немесе 292 теңгеге өсті.
Қой етінің орташа бағасы 21% - ға (419 теңге) өсіп, бір келісі үшін 2 409 теңгені құрады.
Бұл ретте ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 50% төмен деңгейде қалып отыр. Ағымдағы жылдың 10 айында 173 мың тонна ет өңделген, бұл ет өндірісінің жалпы көлемінің небәрі 18% - ын құрайды.
Сонымен бірге бұқашықтар мен қошқарлар экспортының ұлғайғаны байқалады. Ағымдағы жылдың 10 айында 161 мың бас ірі қара мал шығарылды немесе 2020 жылдың деңгейінен 5,6 есе артық, ұсақ мал шығару 6,7 есе ұлғайды және 112 мың басты құрады. Осы жылдың соңына дейін 200 мыңға жуық ірі қара мал шығарылуы мүмкін.
Ағымдағы жылы картоп пен сәбізден жиналған өнім ішкі тұтыну және экспорттық әлеуетті сақтау үшін жеткілікті екенін атап өткен жөн.
Алайда, көрші елдерде көкөніс өнімдері мен картоптың төмен өнімділігі бар екенін атап өткен жөн, бұл ішкі нарықтағы бағалардың өсуіне әкелуі мүмкін.
Осы объективті көрсеткіштерге сүйене отырып, ішкі нарықтағы тапшылықты болдырмау және бағаны тұрақтандыру үшін Ведомствоаралық комиссия ірі және ұсақ малды, картоп пен сәбізді Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салуды мақұлдау туралы шешім қабылдады.
Бұл ретте, сыртқы экспорттық өткізу нарықтарын сақтаудың маңыздылығын ескере отырып, шектеулер желтоқсан айының соңында күшіне енетінін назарға ала отырып, Министрлік бір ай ішінде ағымдағы жағдайға күнделікті мониторинг пен талдауды жүзеге асыратын болады. Сондай-ақ осы мәселе бойынша салалық қауымдастықтармен және одақтармен талқылау және консультациялар түрінде бірлескен жұмыс жүргізіледі.
Ішкі нарықты қамтамасыз ету бойынша жағдай тұрақталған жағдайда шектеу шараларының күшін жою мәселесі де қаралатын болады.