2022 жылғы 9 маусымда ҚР Парламенті Сенатының отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын ұсынды.
Заң жобасының негізгі мақсаты сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту болып табылады. Ол үшін жаңа өнімдерді енгізу, қызметтерді цифрландыру, тұтынушылар мен инвесторлардың құқығын қорғау, заңнаманы үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру талап етіледі.
Заң жобасында 5 (бес) кодекске және 35 (отыз бес) заңға өзгерістер енгізу көзделеді.
Заң жобасының бірінші блогы сақтандыру секторын кешенді дамытуға бағытталған.
Қазіргі кезде сақтандыру секторында сақтандыру активтері тұрақты өсіп, қаржылық орнықтылығы жоғары болып отыр. Нарық активтері соңғы үш жылда 74%-ға (жетпіс төрт пайызға) өсіп, 1,9 (бір бүтін оннан тоғыз) трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 2,2 пайызын құрайды.
Алайда, халық пен бизнесті сақтандыру қызметтерімен қамту негізгі сын-қатер болып қалуда. Бұл міндетті шешу үшін заң жобасында мыналар көзделеді:
Біріншіден, заң жобасында жинақтаушы сақтандыруды дамыту үшін жаңа әлеуметтік маңызды сақтандыру өнімдерін енгізу көзделеді. Бұл Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі шеңберінде өмірді жинақтаушы сақтандыру және бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитеті болып табылады.
Банк депозитінен айырмашылығы, білім беру жинақтаушы жүйе шеңберіндегі өмірді жинақтаушы сақтандыру өнімі оқу ақысына арналған қаражатты жинақтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ қосымша сақтандыруды да қамтамасыз етеді. Сақтанушы үшін сақтандыру жағдайы орын алса, сақтандыру компаниясы жинақталған сомаға қарамастан баланың оқу құнын толық төлеуге кепілдік береді.
Екінші өнім – бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитеті. Бірлескен аннуитет ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік береді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын бірге қосып, зейнетақы аннуитетін сатып алады. Сонымен бірге төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік алады.
Заң жобасының екінші бағыты – сақтандыру саласын одан әрі цифрландыру арқылы сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру.
2019 (екі мың он тоғызыншы) жылдың басынан бері міндетті автосақтандыру шарттары онлайн режимде электрондық нысанда жасалады. Цифрландырудың келесі кезеңі – сақтандыру оқиғасын онлайн-реттеуді енгізу. Мобильдік қосымшаны пайдалана отырып автосақтандыру бойынша сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібін енгізу ұсынылады. Бұл тәртіп полицияны қатыстырмай және сотқа жүгінбей, жол-көлік оқиғалары бойынша сақтандыру төлемдерін жедел алуға мүмкіндік береді.
Заң жобасының маңызды жаңалығы – міндетті автосақтандыру бойынша икемді тарифтеу тетігін енгізу. Қолданыстағы сақтандыру тарифтері заңнамалық тұрғыдан 2007 (екі мың жетінші) жылы белгіленді және сол кезден бері жаңартылған жоқ. Икемді тарифтеу жүйесі Қазақстан өңірлері бойынша нақты болатын апаттарды ескереді және сақтандыру тарифтерін автоматты түрде жаңартуға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, заң жобасында кепілдік берілетін сақтандыру кластарының тізбесі кеңейтіледі. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігі барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сақтандыру кластарына, оның ішінде бірлескен зейнетақы аннуитеттері мен өмірді сақтандыру өнімдеріне қатысты қолданылады. Бүгінгі күні аталған қор тек 5 сақтандыру түріне кепілдік береді.
Келесі бағыт – ол сақтандыру қызметтерін пайдаланатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау сапасын арттыру болып табылады. Ол үшін заң жобасында сақтандыру омбудсманының клиенттердің сақтандыру ұйымымен келіспеушіліктерін міндетті реттеуі көзделеді. Сақтандыру омбудсманының біліктілігіне талаптар ұлғаяды және офисінің қызметкерлеріне талаптар белгіленеді.
Қазір заң жобасы Сенат қарауында.