Астана қаласының әкімдігі 2018 жылдан бастап, педагог мамандықтарына арналған білім гранттарын бөлуде. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған naryk.kz порталы хабарлайды.
Жыл сайын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға бөлініп келе жатқан гранттардың арқасында елордалық бірқатар жастар жұмысқа орналасқан. Мәселен, 2022 жылдан бастап қала әкімдігінің гранты бойынша оқытылған 338 педагог жұмысқа қабылданған.
С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының мұғалімі Серік Ерланұлы: «11-сынып оқып жүргенімде ұстаздық жолды таңдап, осы бағытта іздендім. Мектептегі ұстаздарымның жол көрсетуімен Астана қаласы әкімінің грантына қатысып көрдім. Осылайша конкурсқа құжаттарымды тапсырып едім, 2019 жылы грант иегері атандым. Сол жылы ЖОО табалдырығын аттап, 2023 жылы оқуымды тәмамдадым. Грант бойынша оқысам жұмыс та болатыны айтылды. Жаратылыстану, биология пәндері бойынша сабақ беремін.
Алда келе жатқан Ұстаздар күнімен әріптестерімді құттықтаймын! Еңбегіміз табысты болсын!» - дейді.
Белгілі экономист Айбар Олжай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «2023 жылдан бастап мұғалімдердің айлығы тағы 25 пайызға көтерілді. Ең жас маман 319 500 теңге алады. Ал өтілі, санаты бар педагогтарға үстінен елеулі үстеме қосылған. Қолына 800 мың алатын мұғалімдерді білемін» - деп жазған.
«Бірақ осы жоғары жалақы уақытылы төлене ме деген сұрақтар туындап жатады. Қазіргі таңда тек санаулы өңірде бюрократиялық қиындықтардан мұндай мәселе туындағаны болмаса, ірі қалаларда ол проблема атымен шешілген» - деген А.Олжай мысалы, Астана қаласында жалақыны уақытылы төлеу мәселесі жоғары деңгейде жолға қойылған десе болады. Қазіргі таңда осы бағыттағы барлық проблемалар өз шешімін тапты – дейді.
Айта кетейік, Астана қаласының білім саласына бөлінген бюджеті биыл 20 пайызға өсіп, 209,8 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде, осы жылы орта білімге 108,6 миллиард теңге қарастырылған. Елордада 98 орта мектеп бар екен.