Қазақстандағы мобильді телефон нарығының үштен бірі қытайлық модельдерге, атап айтқанда Xiaomi, Huawei және Oppo-ға тиесілі, деп хабарлайды finprom.kz.
Соңғы бірнеше айдан бергі жартылай өткізгіштер тапшылығы әлем бойынша телефондардың қымбаттауына әкеп соқты.
Қазіргі таңда әлем бойынша ең кең тараған телефон түрі Samsung. Оның нарықтағы үлесі биыл 27,92% болды. Алайда өткен жылы көрсеткіш 31,04% болған еді.
Артынша Apple. Оның үлесі 26,42%. Былтыр көрсеткіш 25,15% болған еді.
Сонымен қатар үздік бестікке осы екеуімен қатар Xiaomi (11,38%), Huawei (7,91%) және Oppo (5,61%) кіреді. Осы үшеуі бірігіп нарықтың төрттен бірін алып тұр.
Ал басқа телефондардың нарықтағы үлесі 19,49%-дан 20,76%-ға артты.
Қазақстан нарығында да үздік бестік жоғарыдағы тізім. Алайда аздаған айырмашылық та жоқ емес.
Мәселен, топ басындағы Samsung үлесі 40,21% болса, Apple үлесі 21,02% ғана. Ал Xiaomi (17,23%), Huawei (9,18%) және Oppo (6,32%) нарықтың үштен біріне ие.
Қазақстанда нарықтың 93,96%-ы осы үздік бестікке тиесілі. Көрсеткіш былтырғыдан 8% аз.