Кадрларға қажеттілікті кешенді болжау сәйкес, бүгінде сұраныстың 50%-дан астамы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарына тиесілі болмақ.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтуынша, мамандарға ең көп қажеттілігі бар салалар – ауыл, орман және балық шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету салалары.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтуынша, қазір елде ергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер есебінен 174 колледж, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар қолдауымен 13 колледж жабдықталған. Десе де еліміз бойынша 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын шұғыл жаңарту талап етіледі.
Саланы одан әрі жаңғырта түсу үшін еліміздің 11 өңірінде 13 жаңа заманауи колледж салу көзделген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәліметінше, елімізде жұмыс күшінің саны 9,8 млн адамды құрайтынын, оның 9,4 млн-ы жұмыспен қамтылған, осылайша жұмыспен қамту деңгейі 96% болып отыр. Еңбек ресурстарының едәуір бөлігінің техникалық және кәсіптік білімі бар.
Сонымен қатар еңбек нарығында жұмысшы кадрларға тұрақты сұраныс байқалуда: Электрондық еңбек биржасына орналастырылған бос жұмыс орындарының жартысынан астамы – жұмысшы кәсіптер. Сондықтан да негізгі міндет сұранысты қалыптастыру емес, кадрлар даярлаудың экономиканың ағымдағы және перспективалық қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету болуы керек.
Болжам бойынша, 2035 жылға дейін ең жоғары сұраныс өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және IT саласында қалыптасады.
Осыған байланысты, ең сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі 51-ден 174 кәсіпке дейін кеңейді, бұлар - инженерия, құрылыс, өндеуші өнеркәсіп, биотехнология, жасыл энергетика, ядерлық энергетика салалары.
Министр сонымен бірге технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығын жедел өзгертуде екенін айтты. Мәселен, кейбір кәсіптер жойылады, кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады және қызметтің мүлде жаңа бағыттары пайда болады.
Мұндай жағдайда кадрларды даярлау жүйесі қазіргі заманғы экономиканың сұраныстарына сәйкес келетіндей болашағы зор мамандықтарды алдын ала анықтап, біліктіліктер мен білім беру бағдарламаларын уақтылы жаңарту қажет.
Жалпы, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет, олардың 1,8 млн-ы жұмысшы мамандықтары.