Қазақстандағы жоғары сапалы қойма нарығы Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең үлкені және салынып жатқан қоймалар көлемі қарқыны бойынша өңірде көш бастап тұр, деп жазады NF Group консалтинг компаниясы.
Республика бойынша жалпы қойма көлемі 1,55 млн шаршы метр, оның негізгі бөлігі немесе 64%-ы Алматыда, шамамен 19%-ы Астанада және 7%-ы Ақтөбеде шоғырланған.
2024 жылдың тоғыз айында жаңадан 108 мың шаршы метр қойма пайдалануға берілді.
Бос қойма алаңдарының үлесі 2024 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда аздап – 0,4 пайыздық тармаққа, жалпы ұсыныстың 1,2%-на дейін төмендеді. Бұның өзі Шымкент пен Қарағандыда ғана. Алматы мен Астанада бос сапалы қойма жоқ.
2024 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, жалдау ақысының орташа құны бірінші тоқсан деңгейінде, айына шаршы метріне 5 600 теңге. Жоғары сапалы нысандар тапшылығын ескере отырып, компания сарапшылары тарифтің 2025 жыл басында өсуін болжайды.
Салынып жатқан және 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басына жоспарланған А санатты жобалар бойынша орташа жалдау бағасы шаршы метріне 6 500-7 000 теңге.
В санатындағы қойма жалдау құны шаршы метріне айына 3 500 теңге.
2024 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, 2024 жыл соңы мен 2025 жыл басында құрылысы аяқталатын 426 мың шаршы метр қойма құрылысы жүріп жатыр.
Қазақстанда 2024–2026 жылдары 700 мың шаршы метр қойма салынбақ.