Қазақстан Ұлттық Банкі 2022 жылдың қорытындысы бойынша төлем балансының алдын ала бағалауын қалыптастырды.
Төлем балансының ағымдағы шоты 6,3 млрд АҚШ доллар көлемінде профицитпен қалыптасты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, 7,9 млрд АҚШ доллары мөлшерінде тапшылық байқалды.
Ағымдағы шоттың терістен оң аймаққа өтуі сауда балансының жақсаруымен байланысты, оның профициті – 35,1 млрд АҚШ доллары. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,4 млрд АҚШ долларға (87,3%) айтарлықтай жақсарды. Профициттің өсуі тауар экспортының импорттан асып түсетін өсу қарқынымен қамтамасыз етіледі.
Тауар экспорты өткен жылмен салыстырғанда 40,7%-ға өсіп, 84,8 млрд АҚШ долларына жетті. Тауар экспорты тұрақты сыртқы сұраныспен және шикізатқа, атап айтқанда, мұнайға деген әлемдік бағаның жоғары деңгейімен қамтамасыз етілді. Сондықтан, мұнай экспорты мен газ конденсаты 50,9%-ға өсіп, 46,9 млрд АҚШ долларын құрады.
Тауар импорты, өз кезегінде, аралық (19,5%-ға немесе 3,9 млрд. АҚШ доллары) және азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарлары (33,0%-ға немесе 2,9 млрд. доллар) импортының ұлғаюы есебінен 19,6%-ға өсіп, 49,7 млрд АҚШ долларына жетті.
Тікелей шетелдік инвесторлардың кірісі де есепті кезеңде 15,1%-ға (немесе 3,4 млрд АҚШ долларына) өсіп, 26,3 млрд долларды құрады. Тұтастай алғанда, тауар экспортының өсуі шетелдік инвесторларға кіріс төлемдерінің ұлғаюымен қатар жүреді.
Қаржы шотында (резервтік активтерді қоспағанда) 7,0 млрд АҚШ доллары көлемінде оң сальдоның қалыптасуы – сыртқы активтердің ұлғаюын және резиденттерге тән сыртқы міндеттемелердің төмендеуін білдіреді (2021 жылы 2,4 млрд АҚШ доллары көлемінде таза кіріс байқалды). Қаржы шотының оң сальдосы, негізінен, мемлекеттік сектордың операцияларымен қамтамасыз етіледі.
Резервтік активтер (Ұлттық қордың активтерін қоспағанда) 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 35,1 млрд АҚШ долларына бағаланды. Бұл қазақстандық тауарлар мен қызметтер импортының 7,2 айындағы қаржыландыру қажеттілігін жабады.