ЭКСПО көмектеспеді. Қазақстан көмірқышқыл газын ең көп шығарушы елдердің бірі

Қазақстан кәсіпорындары жан басына шаққанда жылына 11,5 тонна парниктік газ шығарады.

Қазір өркениетті елдерде компанияларды бағалауда олардың тек қаржылық жағдайы ғана емес, сонымен қатар ESG (environment, social and governance — экологиялық, әлеуметтік және басқару факторлары) да ескеріледі.

S&P Global рейтингтік агенттігі банктердің активтер сапасын бағалауда да экологиялық факторларға көңіл бөледі. Әсіресе Қазақстан секілді елдерде экологиялық қатерлердің экономикаға әсері мол. 

Соңғы 10 жылда ESG-факторлардың ықпалы артты. S&P Global Ratings болжамынша, "жасыл" және әлеуметтік облигациялардың эмиссиясы 700 млрд долларға жетіп, әлемдік эмиссия нарығының 9%-на жетпек. Үш жыл бұрын ғана көрсеткіш 3,6% еді.

2019 жылы әлем бойынша парниктік газдардың шығарылымы жан басына шаққанда 4,7 тонна болған. ТМД елдерінің мұнай және көмірге тәуелді экономикасы экологияға әлемдік орташа көрсеткіштен артық зиян тигізіп отыр. Атап айтқанда, Қазақстан кәсіпорындары жан басына шаққанда жылына 11,5 тонна, Ресей 16,9 тонна, Украина 6,6 тонна, Беларусь 5,1 тонна парниктік газ шығарған.

Алайда экологиялық экономика құру бойынша Қзаақстанда кейбір жобалардың қолға алынып жатқанын да айта кету керек. Мәселен, Қазақстан Даму банкінің несие портфелінде жаңартылмалы қуат көздері бойынша 6 ірі жоба бар: 

• Ақмола облысында қуаты 100 МВт «Астана Expo-2017» жел электр станциясы;

• Алматы облысының Қапшағай ауданында 100 МВт Nurgisa күн электр станциясы;

• Түркістан облысында қуаты 20 МВт «Жылға» күн электр станциясы;

• ШҚО-да қуаты 24,9 МВт «Тургусун-1» гидроэлектр станциясы;

• Қостанай облысында қуаты 50 МВт «Ыбырай» жел электр станциясы;

• Алматы облысында қуаты 50 МВт «Қаскелең» күн электр станциясы.