Қазақстанда девелоперлер бастапқы тұрғын үй нарығындағы дайын пәтерлердің бағасын төмендетуге мәжбүр. 2026 жылғы мамырда эконом санаттағы пәтерлердің бағасы бір айдың ішінде 10%-дан астам арзандады. Бұл туралы AERC шолуында айтылған.
Шолуға сәйкес, 2026 жылғы мамырда құрылыс жұмыстарының өзіндік құны сәуірмен салыстырғанда 2,7%, ал жылдық есепте 8,2% өсті. Ең жоғары өсім (+13,6%) басқа да жұмыстар мен шығындар санатында тіркелген.
Сонымен қатар, Krisha.kz платформасының дерегінше, бастапқы нарықтағы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 0,9% төмендеген. Элиталық тұрғын үй де 3% арзандады. Ал «комфорт» және «бизнес» санаттарында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ: бағалар тиісінше 0,3% және 0,9% ғана өсті.
Бағаның төмендеуі сұраныстың күрт азаюымен байланысты. 2026 жылғы мамырда Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша небәрі 30 420 мәміле тіркелген. Бұл сәуірмен салыстырғанда 13,5%, ал 2025 жылғы мамырмен салыстырғанда 10,5% аз.
Нарыққа қысым көрсеткен негізгі факторлардың бірі – Отбасы банкіндегі аралық қарыздар бойынша бірыңғай 8,5% мөлшерлеменің енгізілуі. Сонымен қатар, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға қойылатын жеткіліктілік шегінің көтерілуі де көптеген азамат үшін баспана сатып алуды қиындатқан.
Астанада бір шаршы метрдің орташа бағасы 614 366 теңге болып, 0,2% төмендеді. Шымкентте орташа баға 502 544 теңгеге дейін түсіп, 0,8% арзандады.
Ал жалпы үрдіске қарамастан, Алматыда бастапқы тұрғын үй бағасы 2,3% өсіп, бір шаршы метрдің орташа құны 877 397 теңгеге жетті.