Соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды, деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
"Бірақ, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал, Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес.
Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс.
Өңірдегі жұмыссыздық ішкі және сыртқы көші-қон үдерісіне байланысты күшейіп барады. Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте, халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек.
Біз тарихи Отанына оралған қандастарды толық қолдаймыз. Бірақ, тек Маңғыстау өңірімен шектелуге болмайды. Басқа облыстарға, соның ішінде өндірісі дамыған аймақтарға қоныстануға болады. Біз қажетті жағдайды жасауға дайынбыз.
Қазіргі заманда өңірлерде, елдерде, тіпті, құрлықтарда жұмыс күшінің көші-қоны жүріп жатыр. Бұл заңды құбылысқа айналды. Осы үрдіске біздің азаматтар да үйренуі керек. Көрші елдердің азаматтары бұл жағдайға жақсы бейімделді. Біз қандастарымыздың барлық салада, соның ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін қалаймыз. Олар Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесін қосады деп сенемін.
Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез келді. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Елімізде өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жағдай жасалып жатыр. Бірақ, нақты шараларға қарамастан, жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келеді. Кейбір аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі еліміздегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары – соның қатарында. Үкімет және облыс әкімдері осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Жыл аяқталғанда тиісті қорытындысын шығарамыз.
Екі мыңыншы жылдары бала саны күрт көбейгені белгілі. Келесі жылдан бастап сол кезеңде дүниеге келген ұрпақ еңбек нарығына шыға бастайды. Осыны ескерген жөн. Сондықтан, жұртты жұмыспен қамту ісіне қатысты тың тәсілдер қолдану қажет. Ал, азаматтарымыз қазіргі замандағы халықаралық нарық үрдісіне бейімделуі керек.
Еліміздің демографиялық, көші-қон, технологиялық даму барысын да ескерген абзал. Бұл мәселенің демографиялық және экономикалық қырын бірдей ұштастыра білген жөн. Үкіметке еңбек нарығын дамыту жоспарын шұғыл әзірлеуді тапсырамын.
Адам капиталын дамыту ісінде білім саласы негізгі рөл атқарады. Біз жуырда Білім және ғылым министрлігін екіге бөлдік. Бұл қадам қордаланған мәселелерді шешу үшін қажет болды. Үкімет және жаңа министрліктердің басшылары отандық білім және ғылым саласын тың серпінмен дамытуға күш салады деп сенемін".