Күздің басынан бастап Kcell мобильді операторы еліміздің түрлі
өңірлерінде 250 базалық станцияны орнатып, жаңартты. Нәтижесінде жұмыстар
жүргізілген бірқатар базалық станцияларда 4G жылдамдығының 50 пайыздық өсімі
тіркелді. Жыл соңына дейін оператор 300-ге жуық жерде базалық станцияларды
орнатып, жаңартуды жоспарлап отыр.
Оператордың хабарлауынша, 2022 жылдың
қыркүйек-қазан айларында 58 жаңа базалық станция орнатылып, 191 мұнарада
жабдықтар жаңғыртылды. Осылайша, оператор екі айдың ішінде 250-ге жуық жеке
инфрақұрылым нысандарында байланыс сапасын жақсартты. Жұмыстар Алматы және
Шымкент қалаларында, сондай-ақ Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс
Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және
Ұлытау облыстарында өтті.
Kcell мәліметінше, жүргізілген жұмыстардың
нәтижесінде кейбір жерлердегі 4G жылдамдығы 50 пайызға артты. Компания мамандары
бұл көрсеткіш интернет-трафикті тұтынудың айтарлықтай өсуімен расталатынын
айтады - қыркүйек айында ғана жұмыстармен қамтылған аймақтарда бұл көрсеткіш
орта есеппен 8 пайызға өсті. Бұл өз кезегінде деректерді беру жылдамдығының
артуымен абоненттер жоғары шешімді бейне-контентті көбірек тұтына
бастағандығымен түсіндіріледі.
Бұрын орнатылған жабдықты жаңарту кезінде
оператордың мамандары жабдықтың өткізу қабілетін арттыратын, сондай-ақ
деректерді 4G LTE арқылы неғұрлым өнімді және тұрақты беруге мүмкіндік беретін
MIMO технологиясын пайдаланды. Бұдан басқа, компания Band Expansion - жаңа LTE
қабатын қосу есебінен 4G жылдамдығын арттыру тәсілін қолданды.