Коронавирус пандемиясы онлай білімнің, оның ішінде EdTech дамуына серпін бергендей еді. Алайда қазір қарқын бәсеңдегендей көрінеді. Білім жүйесіндегі инноватор, EdTech Estonia негізін қалаушы Март Ароның пікірінше, EdTech онлайн білімге қарағанда әлдеқайда кең. Себебі ол мектепте, үйде немесе тіпті офлайн режимде оқудың барлық мазмұндық және әдістемелік мүмкіндіктерін қамтиды.

«EdTech мен үшін де технология, бар болғаны құрал. Айталық біреу көбейту кестесін оқытудың жаңа әдістемесін ойлап тапты. Технологияның арқасында әлгі әдісті оқытуды мұғалімдерге жеткізуге болады. Екінші жағынан, бұл оқушыларға көптеген мүмкіндік береді. Қолға түсе бермейтін бірқатар ресурстарды тікелей пайдалануға технология көмектеседі. Сондықтан мен EdTech-ті білім беруді жақсартатын, одан әрі сапалы ететін, тіпті баршаға зор мүмкіндік беретін әдіс ретінде қарастырар едім. Әрине, мектептер, мұғалімдер мен оқушылар бұл құралдарды пайдалана білуі керек. Онымен қоса технологияның бірнеше түрлерін сатып алу үшін қажетті құрылғылар, байланыс, сондай-ақ қаржы болуы керек», — дейді Март Аро.


Сарапшының пікірінше, заманауи зерттеулер білім берудегі жақсы нәтижелер жоғары технологиялық цирфлық құралдар мен әдістемелер мұғалім үшін қолжетімді болған кезде көрсетеді. Алайда бүгінгі күні білім саласында проблема жоқ емес. Тек оқу процессін жақсарту үшін технологиялық мүмкіндіктердің көмегіне жүгіну қажет.

«Мен көріп отырған проблеманың бірі – білім саласындағы шешімдерді қабылдаушылар мен білім беру саласындағы инноваторлар арасында негізгі деңгейдегі сенімді диалогтың болмауы. Мұны еңсеру үшін біз білім беру / edtech инновациялық компанияларының ұлттық кластерлерін құруды ұсындық. Сенімді диалог оқушылар мен оқытушылардың тиімді жұмыс істеу ықтималдығын арттыру үшін маңызды. Мысалы, небәрі 2 күн бұрын мен зағип оқушыларға презентация слайдтарын түсінуге көмектесу үшін жасанды интеллектіні енгізген жастармен кездестім. Жасанды интеллект слайдтардағы суреттерді автоматты түрде сипаттайды. Демек технология осы оқушылардың білім сапасының артуы мен белсенділігін айтарлықтай көтере алатынының жарқын мысалы», - деді Аро.

Сондай-ақ Аро бизнес-модельдерді жаңарту қажеттілігіне тоқталды. Оқытудың жаңа әдістемесін әзірлеу әсіресе зерттеулер жүргізілсе қымбатқа түсуі мүмкін.

«Қазіргі уақытта мен гранттық қаржыландыруға негізделген тәсілдерді қарастырып жатырмын, бірақ олар инноваторлардың назарын оқытушылар мен оқушылардың нақты қажеттіліктерінен алшақтатуы мүмкін. Біздің тәжірибемізге сүйене отырып, егер студенттер/оқытушыларда қажетті оқу материалдарын тікелей сатып алуға ресурстар болса, бұл олардың маңызды шешімдерге қол жеткізу ықтималдығын арттырады», — деп қосты сарапшы.

Бұған қоса, сарапшы EdTech саласындағы тағы бір маңызды проблема жалған ақпарат болып отырғанын атап өтті.

«Кейде мен бұқаралық ақпарат құралдарында немесе жоғары деңгейдегі кездесулерде адамдардың зерттеу нәтижелеріне немесе сарапшылардың біліміне тікелей қайшы келетін ақпаратпен немесе ұсыныстармен бөлісетінін көремін. Менің ойымша, бұл негізінен адамдардың тақырыптарды білмеуінен болады.  Мысалы, кейде технологияның жаман екендігі туралы мәлімдемелерді естимін, немесе бұл «кітап жаман» деген сөздермен салыстыруға болады. Технологияның өзі бейтарап, мұғалімдер мен оқушылардың оларды мағыналы түрде пайдалану мүмкіндігі бар ма деген сұрақ туындайды. Көбінесе біз мұғалімдердің жеткіліксіз дайындығына тап боламыз немесе мұғалімдер тіпті маңызды технологияларға қол жеткізе алмайды. Өйткені оларға ресурстар берілмейді, сондықтан олар бізге оңтайлы емес шешімдерді ұсынады», — деп толықтырды Март Аро.

Айта кетейік, Март Аро Астанада өтетін CONNECTED-2024 конференциясына қатысатын спикердің бірі. Елордада 18-19 қазан аралығында өтетін «CONNECTED-2024: келешектің бейнесін пайымдау» жөніндегі халықаралық конференцияға 20-дан астам елден 1500 делегат қатысады деп жоспарланып отыр.

Спикерлер қатарында Нобель сыйлығының лауреаттары, ғалымдар, жазушылар, мемлекет қайраткерлері (Герд Леонгард, Марк Миневич, Юнес Бенсоуда, Рае Квон Чунг, Йонг Джао, Питер Франкопан және т. б.) бар. Конференция барысында болашақты модельдеу және болжау, ЖИ дамуы, білім саласындағы жаңашылдық және т.б. тақырыптар талқыланады.