Мәжіліс «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімге және Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді» ратификациялады. Құжат 2019 жылғы 1 қазанда Ереванда жасалған. 

Негізгі мақсат – сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, тауарларды серіктес нарығына шығару және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау. Келісім қазақстандық өнімдердің шетелдік нарыққа шығуын жеңілдетіп, экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Сингапур арасындағы сауда айналымы 1,8 млрд долларды құрады. Қазақстаннан Сингапурға экспортталатын негізгі тауарлар: шикі мұнай – 1,7 млрд доллар, мыс және мыс катодтары – 1,8 млн доллар.

Ал Сингапурдан Қазақстанға импорт көлемі 81 млн долларды құрады. Импортталатын тауарлар: ұшу аппараттары, ортопедиялық құрылғылар мен протездер, физикалық және химиялық талдауға арналған аспаптар, дәрілік заттар, телефон аппараттары, құбырларға арналған арматура.

Келіссөздер аясында тараптар өзара саудада кедендік баждарды кезең-кезеңімен алып тастауға келісті. Келісім күшіне енген сәттен бастап ЕАЭО тауарлар номенклатурасының 40 пайызына бажсыз режим қамтамасыз етеді, бұл көрсеткіш біртіндеп 88 пайызға көтеріледі.