2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі шамамен 14,9 трлн теңгені құрады. Бұл ретте ҚР ҰБ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 14 845,94 млрд теңгеге тең. ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері 9,57 млрд теңгені құрады.
ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі
Негізгі инвестициялардың ағымдағы құрылымы мынадай:
- ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 47,96%,
- квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 11,27%,
- Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары мен депозиттері – 7,63%,
- шет мемлекеттердің МБҚ – 5,47%,
- халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары – 2,52%,
- қазақстандық эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 0,11%.
Зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлінісіндегі инвестициялық портфель 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мынадай көрініске ие:
- ұлттық валютадағы инвестициялар – 71,63%,
- АҚШ долларында – 28,31%,
- басқа валютада – зейнетақы активтері портфелінің 0,05%.
Алынған кірістің құрылымын талдай отырып, бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі, оның ішінде орналастырылған салымдар мен "кері РЕПО" операциялары бойынша және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер 111,01 млрд теңгені, өзге кірістер – 0,21 млрд теңгені құрағанын көруге болады. Ал сыртқы басқарудағы және шетел валютасын қайта бағалауға байланысты құралдар 45,03 млрд теңге көлемінде шығын әкелді. Бұл биылғы жылы алынған инвестициялық табысқа геосаяси факторлардың әсерін растайды. Дегенмен, 2023 жылдың қаңтарындағы жалпы табыс оң.
Инвестициялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық табыс мөлшері 2023 жылдың басынан бастап 66,19 млрд теңгеге жетті.
Геосаяси жағдайдың шиеленісуі, жаһандық қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың күшеюі, инфляцияның жеделдеуі, сондай-ақ дамыған және дамушы елдердің облигациялары бойынша кірістіліктің өсуі аясында 2023 жылдың басынан бастап салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 0,44% тең болды.
Бұл ретте 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылары (алушылары) үшін зейнетақы активтерінің табыстылығы соңғы 12 айда (2022 жылғы ақпаннан 2023 жылғы қаңтарға дейін) 6,93 % көрсетті.
Зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа уақыт аралығындағы кірістілігі оларды басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайтынын атап өту маңызды. Зейнетақы активтері ұзақ инвестициялық көкжиекпен сипатталады. Оларды инвестициялаудың негізгі мақсаттарының бірі – ұзақ мерзімді кезеңде нақты кіріс алу. Зейнетақы активтерін шоғырландыру аяқталған 2014 жылғы сәуірден бастап 2023 жылғы қаңтарға дейінгі кезеңде жинақталған кірістілік – 116,88%. 2014 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі 9 жыл ішінде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі жылдық мәнде 9,33% тең.