АКРА 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамын жариялады. Зерттеу авторларының бағалауы бойынша, биыл жылдың соңында тұтыну бағасының индексі 11,8%-ды құрайды, бұл орташа жылдық тұтыну инфляциясын 11,3% деңгейіне шығарады.
«Демек, реттеушінің инфляция бойынша жыл соңындағы 5% деңгейіндегі мақсатынан асып түседі. Жаңа күрделі дүмпулер болмаған жағдайда, экономика көрсетілген нысаналы деңгейге 2027-2028 жылдардан ерте жақындай алады», – делінген шолуда.
Валюта және бағам
Сондай-ақ, АКРА Ұлттық банктен валюталық интервенциялар жиі болмайтынын, себебі қазіргі жағдайда белгіленген және қолданыстағы валюталық режим принциптерінен ауытқуға ешқандай алғышарт жоқ екенін айтты.
2025 жылдың қараша айының соңында алтын-валюта резервтері 60,4 млрд долларға немесе ІЖӨ-нің 20%-ына жетеді. Сарапшылар Қазақстан мен оның сауда серіктестері арасындағы инфляциялық дифференциалға байланысты теңгенің нақты тиімді бағамына қысым сақталатынын айтады.
Осылайша, олардың болжамына сәйкес, биыл 1 доллар 526 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкін. Ал 2026 жылы бағам 1 доллар үшін 555 теңге деңгейінде, 2027 және 2028 жылдары сәйкесінше 574 және 594 болады.
Экономикалық өсім және ақша-несие саясаты
Ал экономикалық өсім 2026-2028 жылдары жыл сайын 5,3-5,9% шегінде болжанады. Бұл осы көрсеткіштің әлеуетінен біршама шығады, алайда 2028 жылдың соңына қарай мұндай үрдіс теңестіріледі. Өсудің негізгі драйверлері тау-кен өндіру секторы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сондай-ақ қызмет көрсету саласы болады. Бұл ретте, ел экспорттайтын шикізат тауарлары нарығындағы әлсіз конъюнктура экономиканың өсуіне кедергі келтіруі мүмкін, ол бүкіл болжам горизонтында байқалады.
Сонымен қатар ақша-несие саясаты салыстырмалы түрде қатаң болып қалады, ал тұтыну инфляциясы біртіндеп бәсеңдейді.
«АКРА бағалауы бойынша, жаңа экономикалық дүмпулер болмаған жағдайда, 2028 жылға қарай монетарлық жағдайлар бейтарап жағдайға жақындайды. Осы себепті де компаниялар үшін негізгі инвестициялық көздер ТШИ (тікелей шетелдік инвестициялар) және меншікті қаражат болып қалады», – деді сарапшылар.
Сауда балансы және бюджет
Экспорт 2026-2028 жылдары 86-95 млрд доллар диапазонында болжанады, ал импорт тұрақты түрде ұлғаяды – 2028 жылға қарай 89 млрд долларға дейін. Көрсетілген кезеңде ағымдағы шот сальдосы сәйкесінше (-)5,7%, (-)4,5%, (-) 5,5% деңгейінде болады.
АКРА болжамына сәйкес, мемлекеттік бюджет тапшылығы биылғы жылы 3,7 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің шамамен 2,5%-ын құрайды. Келесі жылы жағдайды Салық кодексіндегі өзгерістер аясында ҚҚС түсімдерінің өсуі ішінара тұрақтандырады.
«Одан кейін орташа экономикалық белсенділік пен үкіметтің бюджеттік бағдарламалары 2027 жылдан бастап тапшылықтың елеусіз өсуін тудырады және болжамды кезеңнің соңында мемлекеттік бюджет тапшылығын ІЖӨ-нің 3,1%-ына дейін ұлғайтуға әкелуі мүмкін», – деп есептейді АКРА.
Елдің мемлекеттік қарызына келетін болсақ, кәсіби қатысушылар номиналды ІЖӨ-нің болжамды қарқынды өсуін және мемлекеттік бюджеттің орташа тапшылығын ескере отырып, оның айтарлықтай ұлғаюын күтпейді. Осылайша, 2026-2028 жылдар ішінде ол ел ІЖӨ-нің 24%-дан 29%-ға дейінгі аралығында болады.
Сонымен қатар агенттік болжамды сценарийді іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін үш негізгі тәуекел туралы айтты. Олардың қатарында сыртқы конъюнктураның нашарлауы және экспорттың ықтимал логистикалық шектеулері, бюджеттік тәртіптің төмендеуі және ресей рублінің әлсіреуі бар.