ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен "ДХЛ Логистика" ЖШҚ "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ жүк терминалының көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Жоба Астана әуежайының 2035 жылға дейінгі дамуының жаңа стратегиясы аясында іске асырылады. Ол жаңа логистикалық технологияларды енгізуге, Қазақстан астанасының әуежайында жүктер мен поштаны қабылдау, өңдеу, сақтау, беру қызметтері сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы ауданы 8 мың шаршы метр болатын жаңа қойма ғимартаттары құрылысына алдағы үш жылда 4 млрд теңге инвестиция салады.

Өз кезегінде Министрлік компанияның инвестициялық жобасын іске асыруда қажетті қолдау көрсетеді.

Меморандумға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев және "ДХЛ Логистика" ЖШҚ директоры Марк Ляйневебер қол қойды.

Осы құжат аясында ҚР ИИДМ және жаһандық логистикалық оператор «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайындағы» логистикалық ахуалды жақсартудағы ынтымақтастық; мультимодальдық жүк тасымалдарын дамыту, IT-технологияларды қолдана отырып интеграцияланған логистикалық өнім жасау; Қазақстанда және халықаралық деңгейде терминалдық өңдеу мен жүк тасымалдарын дамыту саласында тәжірибе алмасу; жаңа импорттық және экспорттық жүк ағындарын тарту туралы уағдаласты.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қыркүйек айының басында "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ және "ДХЛ Логистика (Қазақстан)" ЖШС жүк тасымалдарына қызмет көрсету, дамыту және мультимодальдық орталық құру жөнінде шарт жасасты.

DHL Group - логистикалық қызметтер саласындағы әлемдегі жетекші компания. Бүкіл әлем бойынша 68000-нан астам кеңсесі, құжаттар мен жүктерді жеткізуге арналған 34000-ға жуық машиналары және 260-тан астам ұшақтары бар. Әуе тасымалдарынан басқа құрлық, темір жол тасымалдарымен айналысады, теңіз фрахты бар. Күн сайын 220-дан астам ел мен аумақта 570 000-ға жуық қызметкер кәсіпкерлерге халықаралық қызмет жүргізуге, жаңа нарықтарға шығуға және бизнесті дамытуға көмектеседі.

Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында жүк ағынын өңдеу бойынша шарт жасалған "ДХЛ Логистика (Қазақстан)" ЖШС - DHL Group компаниясының бөлімшесі.

"ДХЛ Логистика (Қазақстан)" ЖШС - орта кәсіпкерлік субъектісі. 250-дей қызметкерлері бар. Құрылтайшысы - "Deutsche Post Beteiligungen Holding GmbH" компаниясы.