Банк секторының міндеттемелері 2024 жылғы мамырда жеке тұлғалар салымдарының және акционерлермен есеп айырысу жөніндегі міндеттемелердің өсуі нәтижесінде 1,9%, 45,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 2,9% немесе 1,3 трлн теңгеге өсім).
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2024 жылғы мамырда негізінен шетел валютасындағы депозиттердің 0,9%, 7,7 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы аясында қайта бағалау нәтижесінде 0,5%, 34,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Ұлттық валютадағы депозиттер 2024 жылғы мамырда 0,4%, 26,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша долларландыру деңгейі 22,5%-ды құрады (2024 жылдың басында – 23,2%).
Заңды тұлғалардың депозиттері 2024 жылғы мамырда 0,7%, 15,3 трлн теңгеге дейін азайды, ол азаю негізінен ірі салымшылардың дивидендтер төлеу үшін қаражатты шығарып алуы нәтижесінде орын алды. Жеке тұлғалардың депозиттері 1,5%, 19,2 трлн теңгеге дейін өсті.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2024 жылғы мамырда 13,7%-ды (2024 жылғы сәуірде – 13,7%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,6%-ды құрады (2024 жылғы сәуірде – 13,7%).