Өткен апта, 17-24 қыркүйекте теңгенің нарықтағы бағамы бір апта ішінде 0,3%-ға (425,3 теңгеден) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 423,91 теңге деңгейінде қалыптасты.
Қарызының жалпы мөлшері 300 млрд АҚШ долларынан асатын ірі қытай девелопері China Evergrande банкрот болуынан қауіптенгендіктен дамушы нарық валюталарының серпіні көбіне теріс болды. Сонымен қатар, АҚШ реттеушісі активтерді сатып алуды тоқтату мерзімдеріне қатысты нақты шешім шығарды, ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл ынталандыру шараларының бағдарламасын тоқтату туралы шешім қараша айындағы отырыста жариялануы мүмкін, деп хабарлайды Ұлттық банк.
Бас банктің мәліметінше, дамушы елдер ішінде тек теңге мен рубль ғана нығайған, өткен аптада да Қазақстан мен Ресей валютасы ғана күшейсе, қалған дамушы елдердің валютасы керісінше әлсіреген еді. Осылайша екінші апта қатарынан теңге мен рубль АҚШ валютасына төтеп берді.
Атап айтқанда, өткен апта Ресей рубльі 0,1%-ға (72,98-ден 72,88-ге дейін) нығайды.
Ал Мексика песосы 20,02-ден 20,05-ке әлсіресе, Индонезия рупиясы 0,2% , үнді рупиясы 0,3%, Бразилия реалы 0,9%, Оңтүстік Африка ранды1,6%, түрік лирасы 2,9% құлдыраған.