Криптовалюта – заманауи ақша құралы болуға ұмтылғанымен, ол тек «ауада» ғана тұрған «валюта». Артында ешкім де, ештеңе де жоқ. Ешкім ешқандай жауапкершілік арқаламаған. Әлемдегі криптовалюталардың бәрі орталықсыздандырылған. Олар үшін ешкім жауап бермейді. Құнсызданса да, жоқ болып кетсе де ешбір мемлекет, ешбір жан баласы оған жауапты емес. Сондықтан, Қазақстанда Ұлттық банк жасап шығаратын цифрлық теңге шынайы ақша құралы бола алады. Бірақ ол қағаз ақша мен тиынның орнын біржола ауыстырады деген сөз емес.
Цифрлық валюта заман талабына жауап беретін ақша құралы болуы мүмкін. Алпауыт елдер өзінің ұлттық цифрлық валютасын шығарып жатыр. Бұл ретте Қазақстан да олардан қалыспай, цифрлық ақшасын шығару үшін 2021 жылы «Цифрлық теңге» жобасын қолға алды. Жоспар бойынша дайындық жұмыстары 2025 жылы аяқталады. Сол жылдың соңына дейін цифрлық теңге жаппай қолданысқа енгізілуі керек.
Цифрлық теңгенің қағаз теңгеден қандай айырмашылығы бар?
Цифрлық теңгені кәдімгі қағаз теңгенің цифрлы көшірмесі деп атауға болады. Екеуінің атқаратын қызметі бір. Тек, банкнотаны біз қағазға басатын болсақ, оның цифрлық баламасына ондай шығындар қажет емес. Тура сол теңге, бірақ қағазға басылмаған, электронды әмиянда сақталатын ақша деп айтсақ болады. Яғни, оның құны қолма-қол теңге құнымен бірдей болады.
Криптоәлемнен цифрлы теңге тек блокчейн технологиясын алып отыр. Онда бірегей цифрлық реттілік (токен) немесе арнайы электрондық әмиянда сақталатын электрондық жазба принципі қолданылмақ.
Цифрлық теңгені алаяқтар ұрлай алмайды
Цифрлық теңгенің басты артықшылығы – қауіпсіздігінде. Бұл ақшаны сізден алаяқтар ұрлап кете алмайды. Оның қайда барғаны, кімге түскені барлығы көрініп отырады. Алаяқтар ол жазбаны өшіре алмайды. Екінші жағынан – цифрлық теңгені шығаратын орталық адамның жеке өмірінің құпиялылығына кепілдік беріп отыр. Яғни, заң бұзылмаса, сіздің цифрлық теңгені қалай және қайда жұмсайтыныңыз құпия болады.
Қашан және қалай қолданамыз?
Цифрлық теңгені қолданғанда айтарлықтай айырмашылық болмайды. Себебі біз қазірдің өзінде-ақ қағаз ақшаны қолдануды сиреттік. Қазір төлемдерді банк қосымшаларындағы QR код арқылы төлеп, аударым жасай аламыз.
Цифрлық теңгеде де тура солай. Цифрлық әмияннан немесе банк қосымшаларынан ақша аударуға, төлем жасауға болады. Ал ең басты артықшылығы – цифрлық теңгемен интернет жоқта да қолдана беруге болады. Ол смартфондағы цифрлы әмияндарды NFS арқылы байланыстыра алады. Яғни, зат сату, сатып алу үшін интернет қажет емес.
2022 жылы прототип сынаққа шығып, іске қосылған Digital Tenge Hub коллаборативті алаңында IT және қаржы нарығының адамдары прототипті өзара тесттен өткізді. Биыл цифрлық теңгенің өнеркәсіптік және эксперименттік контуры құрылды. Жұмыстың барлық нәтижесі 2023 жылдың желтоқсан айында қорытынды баяндамада жарияланады.
Осылайша Қазақстан өзінің ұлттық цифрлық теңгесін 2025 жылы қолданысқа ене бастайды.