Қазақстанда алғашқы инвестициялық банк құрылуы мүмкін. Бұл туралы BCC Invest басқарма төрағасының орынбасары Әлібек Оразақов мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі мақсат – шағын және орта бизнес субъектілеріне қор нарығына шығуға мүмкіндік беру және қаржыландыру тарту жолдарын кеңейту.

Инвестициялық банктің ерекшелігі

Оразақовтың түсіндіруінше, «инвестбанк» термині мұнда дәстүрлі мағынада емес, шартты түрде қолданылады. Яғни жаңа институт классикалық екінші деңгейлі банк сияқты жұмыс істемейді, бірақ корпоративтік клиенттерге де, жекелеген инвесторларға да қолжетімді инфрақұрылым жасайды.

«Біз шағын және орта бизнеске ғана емес, ірі кәсіпорындарға да қаржы тартуға жағдай жасаймыз. Ал жекелеген клиенттерге тек ірі компаниялардың облигацияларын сатып алумен шектелмей, нақты кәсіпорындардың капиталына қатысу мүмкіндігі беріледі», – деді ол.

Инфрақұрылым және мерзімдер

Қазіргі кезде BCC Invest қаржылық механизмдер мен қажетті инфрақұрылымды әзірлеумен айналысып жатыр. Нарық журналисінің «Банк қашан іске қосылады?» деген сұрағына Оразақов  2028 жылға жоспарланғанын, алайда көптеген міндетті 2026 жылдың өзінде орындау көзделіп отырғанын айтты.

Айта кетсек, BCC Invest компаниясы жаңа компания құруды немесе жаңа лицензия алуды жоспарлап отырған жоқ. Ол тек Даму стратегиясында позицияны өзгертіп, жай ғана «инвестициялық компания» емес, «инвестициялық банк» ретінде айқындауды көздеп отыр. «Бұл – біздің стратегиядағы ұзақмерзімді мақсатымыз. Мақсатымыз – Орталық Азиядағы жетекші инвестициялық банкке айналу. Бұл жаңа компания құруды білдірмейді – бәрі бар болған BCC Invest аясында жүзеге асады», – дейді банк өкілдері.

«Инвестициялық банк» пен «инвестициялық компанияның» айырмашылығы мынада: инвестициялық банк корпоративтік клиенттерге – орта және ірі бизнеске, үкіметке, ұлттық компанияларға көбірек көңіл бөледі. Сонымен бірге, капиталды қаржы нарығынан тартудың түрлі мүмкіндіктерін ұсынады: жобалық қаржыландыру, шағын және орта бизнес үшін бағалы қағаздар шығару, субсидияланған облигациялар және басқа да құралдар.