Швейцарияның Ұлттық банкі елдегі ең ірі екі банк – UBS және Credit Suisse (CS) біріккенін хабарлады. UBS Credit Suisse акцияларының әрқайсысын 0,5 CHF бағасымен сатып алуға келісті. Осылайша, банк 2 млрд долларға сатылды.
Швейцарияның Ұлттық банкі бұл мәміле барлық реттеушілермен – Швейцариямен, АҚШ пен Еуропамен мақұлданғанын айтты. Ел үкіметі Ұлттық банк арқылы UBS-ке транзакцияны аяқтау үшін барлық қажетті қолдауды көрсетеді, делінген хабарламада. Сонымен қатар, Credit Suisse және UBS өтімділікті қолдау үшін жеңілдікті шарттармен 100 млрд CHF дейін қарыз ала алады. Ал UBS Credit Suisse-тің 9 млрд CHF көлеміндегі рентабельді емес активтерін сатып алудан қаржылық шығынға ұшыраған жағдайда келтірілген залал үшін мемлекеттік кепілдік алды.
Швейцария президенті Ален Берсет қазіргі жағдайда «Credit Suisse-ті UBS-тің басып алуы ең жақсы шешім» деп мәлімдеді. Қаржы министрі Карин Келлер-Саттер үкімет Credit Suisse өз проблемаларын өз бетімен шеше алмайтынына «өкінетінін» айтты. Билік қазір UBS-тен екі банктің қосылуы нәтижесінде болашақта қажетті жұмыс орындарын қысқарту туралы есепті күтуде.