Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Қытайдан келген серіктестермен қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселелерін пысықтауда

Атап айтқанда, Бейжіңдегі Citic Group мемлекеттік қытай корпорациясының өкілдерімен кездесуде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ҰК АҚ Басқарушы директоры Рустам Жанатаев Қазақстан аумағында астық пен майлы дақылдарды терең өңдеу зауытын салу мүмкіндіктерін талқылады. 

Нысан пайдалануға берілген жағдайда ұлттық астық операторы өндірісті жүктеу үшін отандық аграрийлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты негізде жеткізуге дайын. 

Бірінші кезеңде жыл сайынғы жеткізу көлемі 300 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін құрауы мүмкін. Бірлескен жұмысты жалғастыру мақсатында тараптар ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен меморандуммен уағдаластықтарды бекітті. 

Қытайдың ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындарының қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында Рустам Жанатаев әлеуетті инвесторларға Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы форвардтық қаржыландыру бағдарламасына қатысуды ұсынды. 

«Қазақстандық фермерлерді ұлттық астық операторының кепілдігімен аванстау астық пен майлы дақылдарды белгіленген мерзімде және белгіленген бағамен жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді ол. 

Осыған ұқсас тәжірибені қазақстандық жасымық импортына мүдделі түрік компаниялары сынап көрді.  

Сондай-ақ, екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша азық-түлік корпорациясы мен қытайлық Jiangsu SOHO HoldingsGroup 200 мың тоннаға дейінгі көлемде қазақстандық жемдік арпаны жеткізуге келісімшартқа қол қойды.