2021 жылдың басында АИ-92-нің орташа бағасы 149.7 теңге еді. Яғни, 5000 теңгеге шамамен 33 литр бензин құюға болатын. 12 айда баға 20.5 пайызға өсіп, 180.4 теңгеге жетті. Қазір 5000 теңгеге 28 литр АИ-92 аласыз, деп жазады koleso.kz.
2021 жылғы қыс пен көктемде баға тұрақты түрде өсті. Қаңтардың басынан тамыздың соңына дейін 20 теңгеден аса қымбаттап, 170 теңгеге жетті. Ал жазда бензин бағасы жоғарылаған жоқ. Тамыздан кейін 2 теңгеге ғана өсіп, қазанда 172 теңге болды.
Бірақ күздің екінші жартысында баға тағы шарықтады. Қарашаның соңында 180 теңгеге жақындап, желтоқсанда одан асып түсті.
Былтыр АИ-92-нің бағасы 20.5 %-ға өсті
Елімізде тек АИ-92 ғана емес, АИ-95 те қымбаттап жатыр. Қаңтар басында литріне 180 теңге сұралса, желтоқсанда 212–218 теңгеге жетті.
Дегенмен жанармайдың қымбаттауын дизельді техника жүргізушілері ең көп сезінді. Олар қымбатшылықтан бөлек, екі рет күрделі тапшылықты бастан өткерді.
Оның алғашқысы 2021 жылы жаз басында болды. Жанармай бекеттері отын сатудан бас тартты немесе қатаң шектеу қойды. Ал кейбір бекет бағаны шарықтатып жіберді. Мысалы: мамырда дизельдің орташа құны 188 теңге болса, тапшылық кезінде 230–250 теңгеге жетті. Кейін баға 197 теңге шамасында тұрақтады.
Жазда Алматыдағы Petrol Asia дизельді 230 теңгеден саудалады
Шенеуніктер дизель тапшылығына екі жағдай себеп болғанын айтты. Біріншісі — маусымның басында Шымкент мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуы (зауыт отын өндіруді 16 маусымда қайта бастады), екіншісі — Атырау мен Павлодардан жанармайды пойызбен жеткізуде қиындық болуы.
Күз басында тағы да дизель тапшылығы байқалды. Алдымен батыс өңірде, кейін оңтүстікте отын табу қиындады. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін тіпті Ресейден қымбат дизель әкелуге тура келді.
Бұл жолы шенділер тапшылыққа зауытты не теміржолшыларды емес, шетелдік жүк тасымалдаушыларды кінәлады. Энергетика министрлігі тамыз-қыркүйек айларында дизель тұтыну мөлшері шектен тыс артып кеткенін мәлімдеді. Олардың ойынша, біздің елде отын арзан болғандықтан, транзиттік жүк көлігін жүргізушілер жанармайды сыртқа алып кетіп жатыр-мыс. Бірақ министрлік мұны нақты сандармен дәлелдеген жоқ.
Нәтижесінде жыл соңында жазғы және маусымаралық дизель 231 теңгеден сатылса, кейбір бекетте тапшылық кезінде 290 теңгеге дейін жетті.
Анықтама ретінде: 2021 жылы қаңтарда дизель бағасы 183.3 теңге болған, демек отын 12 айда 48 теңгеге (26 %) қымбаттады.
2022 жылы жанармай бағасы қалай құбылатыны белгісіз. Дегенмен алдағы жарты жылда қымбаттамайтыны анық. Билік АИ-92 мен АИ-95-тің шекті бағасын бекітті. Олар сәйкесінше 182 және 215 теңге тұрады. Дизель құны да белгіленді, аймақтарға байланысты 230 немесе 260 теңгеден сатылады. Ал қысқы дизельдің бағасы мемлекет тарапынан реттелмейді.