2025 жылы жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алған қазақстандықтардың саны шамамен 60 мың адамға артты. Төлемдердің жалпы сомасы 130,4 млрд теңгеге жетті — бұл өткен жылмен салыстырғанда 42 млрд теңгеге көп, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметінше, 2025 жылы жұмысынан айырылу бойынша 354,2 мың адам төлем алса, оның ішінде 312 мың адам биыл алғаш рет өтініш білдірген. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы мұндай алушылардың саны 293,6 мың адам болып, төлем сомасы 88,3 млрд теңгені құраған еді.

Әлеуметтік төлем ресми түрде жұмыстан босатылған және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға беріледі. Төлем мөлшері жоғалтқан табыстың 45%-ына дейінгі соманы құрайды, ал ұзақтығы — соңғы екі жылдағы табыс деңгейі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін созылады.

Төлемді қалай ресімдеуге болады:

    • eGov.kz немесе enbek.kz сайтына кіру
    • ЭЦП арқылы онлайн түрде жұмыс іздеуші ретінде тіркелу
    • Мансап орталығынан ұсыныстар күту
    • Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде жұмыссыз мәртебесі беріледі

      • Еңбек министрлігінен төлем алу туралы ұсыныс жазылған SMS-ті алу және оған жауап ретінде келісімді растау.

      Егер азамат қызметті алуға келісім берсе, төлем автоматты түрде тағайындалады. Бұл ретте жұмыстан шығу себебі маңызды емес.