Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі.
«Жыл басынан бері 876 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Айтарлықтай бөлігі пара алу, ұрлық және билікті асыра пайдалану. 592 адам әшкереленді, оның 107-сі басшылар. 329 адам сотталды. Агенттік қылмыстық топтарды, жоғары лауазымды шенеуніктердің қатысуымен тұрақты схемаларды әшкерелеуге, жүйелі сыбайлас жемқорлықты анықтауға қатысты сандық емес, сапалық көрсеткіштерге назар аударады. Бұзылған құқықтарды және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды құрамдас бөлігі залалды өтеу және активтерді қайтару болып табылады», — деді «Антикор» басшысы.
Биыл аяқталған істер бойынша 195 млрд теңгеге жуық шығын өтелді. Ал 2,5 жылда 1,07 трлн теңгенің активі Қазақстанға қайтарылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасы ведомство ағымдағы жылы 113 талдау мен мониторинг жүргізгенін қосты.
«Білім беру саласында бюджеттік үдерістерді автоматтандырудың және деректер базасын интеграциялаудың болмауынан туындаған бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезеңдерінде жүйелі тәуекелдер анықталды. Бүгінгі таңда қабылданған шаралар қосарланған қаржыландыру, жұмысқа өтірік тіркелгендерге төлемдер, үстемеақылар мен толықтырулар фактілерін жоққа шығарады. Ғылым саласын талдау ғылыми жобаларды іріктеудің бұлыңғырлығымен, оларды іске асырудың формальдылығымен, нәтижелерге жауапкершіліктің жоқтығымен, зерттеу нәтижелеріне сұраныстың төмендігімен байланысты елеулі тәуекелдерді көрсетті. Жобалардың 90%-ы қойылған мақсаттарға жете алмайтыны, ал зерттеулердің 70%-ы практикалық маңызы жоқ мақалалар мен кітаптар жазумен аяқталатыны анықталды. «Жоғары нәтижелі спорт түрлері» мен «бұқаралық спорт» арасындағы қаржыландырудың теңгерімсіздігі және оның бұлыңғырлығы спорт саласындағы теріс әрекеттерге айтарлықтай қауіп төндірді», — деді Асхат Жұмағали.
Агенттік қаржыландырудың ашық еместігін, мемлекет қаражатының тиімсіз жұмсалуын, жеткізушілердің үлестестігін, сатып алу бағасының көтерілуін анықтады. Осы талдаулардың барлығы бойынша тәуекелдерді жою бойынша Жол карталары әзірленді, олардың орындалуы Президент Әкімшілігінің бақылауында.
«Дәрілік заттармен сапалы қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігіне байланысты «СК-Фармация» мекемесінде талдау жүргізілді. «Компанияда сатып алудың тиімсіз жүйесі қалыптасқан, қажетсіз «пломбалар» жасалған, көтерме жеткізушілер картелі бар және олардың қызметіне тиімді бақылау жоқ», — деп атап өтті агенттік басшысы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнесті қорғау мақсатында «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыруды жалғастыруда. 2024 жылы 84 проблемалық іс оң шешімін тауып, 9,5 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды. Мәселен, Түркістан облысында суармалы суды шаруаларға қайта сататын делдалдардың әрекеті тоқтатылды. Су жеткізушімен тікелей келісімшарттар жасалып, ауыл тұрғындары үшін баға екі есе төмендеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өңірлік бөлімшелері биыл проблемалық тұрғын үй және әлеуметтік нысандарға қолдау көрсетуді жалғастырды. Мониторингте 156 жоба бар, оның 40-ы аяқталды. Ведомствоның бақылауында биыл 9 мектеп салынып, еліміздің 14 ауылында су құбыры іске қосылды.