2026 жылдың II тоқсанында Қазақстандағы еңбек нарығында жұмыс іздеушілер арасындағы бәсекелестік айтарлықтай күшейді. hh.kz платформасының дерегінше, бір вакансияға орта есеппен 15,9 түйіндемеден келіп, өткен жылмен салыстырғанда бәсекелестік деңгейі 31,4% артқан.
Сонымен қатар, жұмыс берушілердің белсенділігі төмендеген. Екінші тоқсанда hh.kz платформасында 118 мыңнан астам вакансия жарияланып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,5% азайды.
Ең көп вакансия Алматыда шоғырланған. Қала барлық ұсыныстың 38,9%-ын құрағанымен, жарияланған жұмыс орындарының саны бір жылда 19,1% қысқарған. Екінші орында – Астана (22,3%), үшінші орында – Қарағанды (5,2%).
Кәсіптік бағыттар бойынша ең көп бос жұмыс орындары сату және клиенттерге қызмет көрсету (12,2%), маркетинг, жарнама және PR (8,1%), сондай-ақ жұмысшы мамандықтары (7,6%) салаларында тіркелді.
Сонымен бірге, жұмыс іздеушілердің белсенділігі артып келеді. II тоқсанда платформадағы белсенді түйіндемелер саны 1,9 миллионнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 11,1% көбейді.
Қазақстан бойынша ұсынылатын медианалық жалақы 321 852 теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,7% жоғары.
Ең жоғары медианалық жалақы:
Астана – 342 320 теңге;
Алматы – 342 139 теңге;
Шымкент – 300 855 теңге.
Салалар бойынша ең жоғары медианалық жалақы жоғары және орта буын менеджментінде (545 179 теңге), автокөлік бизнесінде (432 878 теңге) және стратегия, инвестициялар мен консалтинг саласында (427 268 теңге) ұсынылған.
Ал бәсекелестік ең жоғары бағыттар стратегия, инвестициялар және консалтинг (30,5), қауіпсіздік (30,1), жоғары және орта буын менеджменті (27,7), ақпараттық технологиялар (24,5) және өнер мен масс-медиа (24,4) салаларында байқалды.
Зерттеу HeadHunter Қазақстанның (hh.kz) 2026 жылғы II тоқсандағы вакансиялар мен түйіндемелер базасын талдау негізінде дайындалған.