Карантин кезінде халық супермаркеттерде емес, ауладағы дүкендерде сауда жасауды көбейтті, деп хабарлайды baigenews.kz NielsenIQ зерттеу қызметіне сілтеме жасап.
Сарапшылардың мәліметінше, короновирус пандемиясына дейін халық аула дүкендерінен супермаркетте алуды ұмытып кеткен тауарларды немесе нан мен сусын секілді тауарларды ғана алатын еді.
"Қазіргі таңда аула дүкендеріне деген қатынас өзгерді. Карантин кездерінде халық саналы түрде супермаркеттерден бас тартып, аула дүкендерінен сауда жасайтын болды. Мәселен, Алматы халқы айына аула дүкендеріне орташа есеппен 17,1 рет, ал супермаркеттерге 9,5 рет барса, елордалықтар айына аула дүкендеріне орташа есеппен 17,5 рет, супермаркеттерге 9 рет барды", делінген зерттеуде.
Сонымен қатар аула дүкендерінің табысы карантинге дейінгі уақытпен салыстырғанда 22% өссе, супермаркеттердің табысы 8% өскен. Дүкендер де тауарлар түрін көбейте түсті.
Бұдан бөлек халық дүкен аралайтын уақытты да қысқартты. Бұрынғыдай емес, жылдам сауда жасай бастаған.
Осы үрдісті көре отырып, ірі супермаркеттер аула дүкендері секілді шағын дүкендерін аша бастады. Мәселен, ірі супермаркеттердің қазір ауладағы шағын форматтары шықты. Атап айтқанда олар астанада Galmart Express пен Magnum Daily, оңтүстікте Emart пен Arzan Market, ал Алматыда My Mart және Froot дүкендер желісі пайда болды.