Қазақстандық бизнесті тауарларға екі баға көрсетуге міндеттеуі мүмкін. Бірі – қолма-қол ақшамен сатып алу бағасы, екіншісі – бөліп төлеу бағасы. Бұл туралы Премьер-министр орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда бөліп төлеу құны тауардың бағасына бірден қосылады, сондықтан сатып алушылар оның нақты неден тұратынын білмейді.

«Мәселе мынада: сіз оргтехниканы бөліп төлеуге алсаңыз, оның бағасына сол бөліп төлеудің құны – 15–20% қосылып қойған», – деп түсіндірді министр.

Сондай-ақ ол бөліп төлемейтін клиенттер де дүкенге келіп, сол үшін ақы төлейтінін атап өтті. Себебі барлық жерде тұтынушыларға бір ғана баға – төлемді бөліп төлеу шартымен – көрсетіледі. Сондықтан Жұманғариннің пікірінше, бизнес өз өнімдерінің бағасы неден тұратынын ашып көрсетуі керек.

«Яғни, сізде таңдау болуы тиіс: бірден төлеп, тауарды қосымша үстемесіз алу. Ал қазір жағдай мынадай – бірден төлейтін адамдар бөліп төлейтіндердің бағасын төлеп отыр», – деді министр.

Ол бұл мәселе Ұлттық банкпен және қаржы реттеушісімен талқыланып жатқанын, шешім 2025 жылы қабылданатынын қосты.