Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Каскиннің айтуынша, соңғы бес жылда жоғары білім беру жүйесіне жұмсалатын шығындар 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін өскен. Студенттер саны 625 мың адамға жетіп, мемлекеттік білім беру тапсырысы 77 мыңнан астам грантты құраған, деп жазады Қазақпарат.
«Жүргізілген мемлекеттік аудит көрсеткендей, қаржыландыру екі есе артқанына қарамастан, жоғары білім беру жүйесі сапа, ашықтық және нәтижелілік тұрғысынан соған сәйкес өсімді қамтамасыз етпейді. Бұл бірқатар жүйелі мәселелерге байланысты», — деді Тілеген Каскин Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, сондай мәселелердің бірі — «Болашақ» халықаралық стипендиясын басқару.
«Болашақ» бағдарламасы да елеулі тәуекелдермен іске асырылуда. Жалпы іріктеу талаптарына сәйкес келмесе де, 340 үміткерге 7,7 млрд теңге көлемінде стипендия министрліктің жеке шешімімен берілген. Сонымен қатар, бекітілген лимиттен тыс тағы 151 стипендия тағайындалған», — деді ол.
Сондай-ақ ол жасанды интеллект бағытына қатысты мәселені атап өтті. Жоспарланған 54 стипендияның тек бесеуі ғана берілген, ал қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген.