«Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендияны арттыру мәселесі қарастырылып жатыр, бірақ соңғы шешім келесі жылға дейін қабылданбайды. Бұл туралы үкіметтегі брифингте Халықаралық бағдарламалар орталығы төрағасының орынбасары Абай Рахмет мәлімдеді.
Оның айтуынша, 15 жылдан астам уақыт ішінде стипендия көлемі көтерілмеген, ал әлем бойынша инфляция өсіп жатыр. Кей жағдайларда стипендия шетелде, әсіресе отбасысымен барған студенттерге, жеткіліксіз болып жатады.
Мәселені шешудің бір жолы ретінде бағдарлама ішіндегі қаражатты қайта бөлу қарастырылып жатыр.
Қазір стипендия мөлшері ел мен қалаға байланысты өзгереді. Мысалы, Нью-Йоркте ол жоғары — 2200 доллар, ал басқа штаттарда төменірек.
Сондай-ақ, жалпы стипендия санын қысқартып, оның орнына мөлшерін арттыру нұсқасы қаралуда. Осылайша, қаржыны оңтайландыру арқылы төлемдер ел мен қалаға байланысты шамамен 10–15% өсуі мүмкін.