Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 7,6%-ға ұлғайып (жылдық мәнде өсу 8,1% болды), 2022 жылғы маусымның соңында 27 162,9 млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 13 801,2 млрд теңгеге дейін
8,2%-ға ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиттері 13 361,7 млрд теңгеге дейін 7,0%-ға өсті.
Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 17 581,2 млрд теңгеге дейін
4,5%-ға артты, шетел валютасындағы депозиттердің көлемі – 9 581,7 млрд теңгеге дейін 13,9%-ға өсті. Долларландыру деңгейі 2022 жылғы маусымның соңында 35,3%
(2021 жылғы желтоқсанда – 36,0%) болды.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2022 жылғы маусымда
8 715,6 млрд теңгеге дейін 3,2%-ға өсті, шетел валютасындағы депозиттер – 5 085,6 млрд теңгеге дейін 18,1%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінің 36,8%-ы) артты.
Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 865,6 млрд теңгеге дейін 5,8%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттері 4 496,1 млрд теңгеге дейін 9,5%-ға (жеке тұлғалар депозиттерінің 33,6%-ы) артты.
Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 7,6%-ға ұлғайып, 18 225,8 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 11 950,0 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар 6 275,8 млрд теңге болды.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы маусымда 11,6% (2021 жылғы маусымда – 7,3%), жеке тұлғалардың депозиттері – 11,4% (8,6%) болды.