Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 0,01%-ға шамалы ұлғайып, 2020 жылғы қарашаның соңында 21 940,4 млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 11 523,3 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға төмендеді, жеке тұлғалардың депозиттері 10 417,1 млрд теңгеге дейін 0,8%-ға өсті.
Бір айда ұлттық валютадағы депозиттер көлемі 13 322,8 млрд теңгеге дейін 2,6%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер көлемі 8 617,7 млрд теңгеге дейін 3,8%-ға төмендеді. Долларландыру деңгейі 2020 жылғы қарашаның соңында 39,3% (2019 жылғы желтоқсанда – 43,1%) болды.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2020 жылғы қарашада 7 112,1 млрд теңгеге дейін 3,4%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттері 4 411,3 млрд теңгеге дейін 6,6%-ға азайды (заңды тұлғалар депозиттерінен 38,3%).
Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 6 210,7 млрд теңгеге дейін 1,7%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттері 4 206,4 млрд теңгеге дейін 0,6%-ға қысқарды (жеке тұлғалар депозиттерінен 40,4%).
Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 0,9%-ға азайып, 14 729,2 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 8 830,5 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар – 5 898,7 млрд теңгені құрады.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,2% (2019 жылғы қарашада – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 9,3% (9,1%) болды.