Жоғары аудиторлық палата ҚР Мәжілісінде кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелерін таныстырды.

Аудиттің бағалауынша, кейінгі алты жыл ішінде мемлекет кәсіпкерлерге 4,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсеткен. Олардың 90%-ы шығын және несие бойынша мөлшерлемелерді субсидиялау, тауарлардың кепілдік берілген көлемін сатып алу, несие беру және лизинг сияқты бес қолдау құралына тиесілі. 

Жалпы қолдау шаралардың әсерін бағалау әдіснамасында айқындық жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің тәсілдері бір бөлек, салалық органдардың тәсілдері бір бөлек. Әлеуметтік және экономикалық әсер деген ұғымдар нақты емес. Оларды қалай есептеу керектігі, қандай кезең үшін есептелетіні және нәтижені нақты қолдау шарасымен қалай байланыстыру керектігі түсініксіз.

«Бизнес субъектісі мемлекеттік бюджеттен үнемі қаржыландырыла отырып, әртүрлі көздерден 19-ға дейін қолдау шарасын алған жағдай кездеседі. Сондықтан көрсетілетін шаралар инерциямен жалғасып келеді. Тиімділікті бағалауда сандық көрсеткіштерге баса назар аударылады. Жұмыс орындарының санымен, төленген салықтармен ғана шектеледі. Өндіріс көлемінің өсуі, қосылған құны, бизнестің қаржылай тұрақтылығы сияқты экономика үшін нақты әсер бақыланбайды», — деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы. 

Бір-бірімен үйлеспейтін мемлекеттік қолдау жүйесі салдарынан қарыздарды субсидиялау, экспорттық қаржыландыру, консультация беру, шығындардың бір бөлігін өтеу операторлары сияқты көптеген оператор пайда болған. Әр оператор өз қызметінің құнын өз қалауынша айқындайды. Іс жүзіндегі еңбек шығындарын есепке алмайды. Ал олардың қызметінің сапасына бағалау жүргізілмейді.

«Атамекен» ҰКП «Іскерлік байланыстар» жобасына іріктеуге талаптарға сәйкес келмейтін тұлғалар да жіберілген.

«Көпшілік үшін шектеу бола тұра, несие рейтингі төмен бірқатар компанияға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Жеңілдетілген қаржыландыру шарттарына сәйкес келмейтін жобалар да жиі қолдау алып отырған», — деді Әлихан Смайылов.

Қолдау көлемі бойынша да бірқатар сұрақ бар. Аудиттің бағалауынша, жекелеген жобалар бойынша қаржыландыру көлемі асыра көрсетілген. Шығыстар жеңілдікпен берілетін кредиттің мақұлданған сомасына сәйкес келтірілген. Негізінен талап етілетін жобалық құжаттама бар, несиелер өтелуде, алайда артық қаражат басқа жобаларға бағытталуы мүмкін еді.

Құнын дұрыс есептемеу салдарынан тек бір жоба бойынша 20 млрд теңге игерілмеген. Мемлекеттік қолдау көрсетілген кезеңде меншік иелеріне дивидендтер төленген жағдайлар анықталды. Бұған шектеу жоқ. Алайда қолдау сомасынан асатын мөлшерде дивидендтердің төленуі сұрақ туындатады. Сондай-ақ жобаларды қаржыландыру кезінде қаражатты түпкілікті алушыларға дейін жеткізудің ұзақ уақытқа созылу фактілері орын алған.

«Мемлекеттік қолдау шараларын алушылар үшін қарсы міндеттемелер белгіленуі тиіс. Олар орындалмаған жағдайда қаражат қайтарылуы қажет. Алайда мұндай міндеттемелер барлық жерде көзделмеген. Нәтижесінде, мысалы, Павлодарда іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 млрд теңгеге инженерлік желілер тартылған», – деп атап көрсетті Жоғары аудиторлық палата төрағасы. 

Жекелеген жағдайларда жеңіл қарсы міндеттемелер белгіленген.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) бойынша. Олар өңірлік даму институттары ретінде құрылды. Алайда жүйелі үйлестіру мен стратегиялық басқарудың болмауынан іс жүзінде ӘКК-лер басқа функциялармен айналысуда. 

Әлихан Смайылов корпорацияларда нақты мақсат, қызметтің бірыңғай бағдарлары және дамудың түсінікті моделі айқындалмағанын атап өтті. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қаржы ұйымдары болмаса да кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие береді. Бұл қызмет жарғыда және заңда бекітілмеген, іс жүзінде олар бақылаудан тыс қалған.

«Бұндай тәсіл бәсекелестік ортаны шектеп қана қоймай, тұрақты экономикалық байланыстарды қалыптастырмайды. Мемлекеттік активтердің берілуіне және тұрақты қаржылық қолдауға қарамастан, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың көпшілігі қызметін шығынмен жүзеге асыруда», — деді Әлихан Смайылов. 

Қорытындылай келе, ол қаржылық қолдау шараларын алған жобалардың 64%-ында төленген салықтардың өсімі қамтамасыз етілгенін, бірақ барлығы мемлекеттік қолдау есебінен деп айтуға болмайтынын атап өтті. Мәлімделген өндіріс іске қосылмай, жабдық әлі де қаптамада болса да, төленген салық көлемі артқан жобалар бар. Қаржылық емес шаралардың әсерін ешкім есептемейді және бақыламайды. Ал олардың құны мемлекет үшін бәсекелес нарықта кеңінен ұсынылған ұқсас қызметтерден бірнеше есе қымбатқа түседі.

«Мемлекеттік қолдаудың 1 теңгесіне төленген салықтардың көлемі негізінен 1 теңгеден кем келеді», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов. 

Жалпы 133 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланылғаны және пайдаланылғаны; 132 млрд теңгеге қаржылық есептің бұрмаланғаны; 13 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. 14 материал құқық қорғау органдарына жіберіледі. Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 105 материал жолданды. 

Әрбір анықталған кемшілік бойынша нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді. Олардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.