Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда бизнесті жабу процесін бір ғана мемлекеттік порталға тәуелді етпеуді жоспарлап отыр. Ведомство жаңа API-сервистің іске қосылғанын хабарлады.

Енді кәсіпкер қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті тек дәстүрлі салық төлеуші кабинеті арқылы ғана емес, сыртқы ақпараттық жүйелер арқылы да бере алады.

Қазір бизнесті жабу үшін кәсіпкерлер «Салық төлеуші кабинеті» веб-қосымшасын пайдалануға мәжбүр. Жаңа механизм бұл қызметті басқа цифрлық платформаларда да интеграция арқылы қолдануға мүмкіндік береді.

Мысалы, егер бизнес белгілі бір платформада есеп жүргізсе немесе жұмыс істесе, теориялық тұрғыда өтінішті мемлекеттік жүйеге бөлек кірмей сол жерден-ақ беруге болады.

Техникалық тұрғыда сервис «Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі» арқылы жұмыс істейді.

API сипаттамасы Smart Bridge платформасында жарияланған. Бұл — цифрлық сервистерді интеграциялауға арналған мемлекеттік алаң.

Қосылу үшін екі сервистік кілт қолжетімді:

  • қызметті тоқтату туралы өтініш беру;
  • мұндай өтініштердің мәртебесін бақылау.

Бизнес үшін бұл бюрократияны азайтып, қажетті қызметтерге жылдамырақ қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін.