Кәсіп және сектордың түріне қарамастан кез келген бизнесті құру және дамытуда өндіріс барысын жоспарлау ғана емес, қаржы ресурстарын дұрыс бөліп отыру өте маңызды. Jusan Bank-тың Басқарушы директоры Гульнара Балахметова Нұр-Сұлтан қ. Іскер әйелдер кеңесінің (ІӘК) қатысушыларына капиталды басқару әдістері және құралдары жайында баяндады.
Шеберлік сағаты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жанындағы ІӘК мүшелерінің қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі жоба аясында ұйымдастырылды. Жекелей алғанда, іс-шара қатысушыларына бюджетті қалай жоспарлау керектігі, кредиттерді шамадан тыс алмаудың жолдары және инвестициялық шешімдер қабылдаған кезде нені басшылыққа алу қажеттілігі туралы маңызды ақпарат берілді.
Гульнара Балахметова шеберлік сағатының қатысушыларын шағын және орта бизнеске арналған өнімдер және сервистермен де таныстырып өтті.
«Кез келген бизнестің мақсаты – орнықты түрде табыс алу және үздіксіз даму. Банкті таңдауға ерекше назар аудару керек, себебі компанияның қаржылық табыстылығы осы сервистердің сапасына байланысты болады. Табысты дұрыс бөлу қаржылық тұрақтылықта маңызды рөл атқарады», - дейді Гульнара Балахметова.
Қаржыгер 50-30-20 қағидасын да түсіндіріп өтті. Бұл ережеге сәйкес, табыстың 50 %-ы бекітілген шығыстарға жұмсалады, 30%-ы ойын-сауыққа және бос уақытты өткізуге жұмсалады, ал 20 % — жинақ ақша және инвестициялар.
Жалпы шеберлік сағатының ұйымдастырушылары алдына қойылған міндет - жеке қаржыны басқару саласында ұтымды қаржылық шешімдер қабылдауға қажетті білімді қалыптастыру. Спикерлер жеке қаржыны бөлу әдістерімен және оған талдау жасау жолдарымен бөлісті, сондай-ақ шеберлік сағатының қатысушыларына қолда бар қаражатты тиімді пайдалану және заманауи қаржы құралдарын қолдану дағдыларын қалай дұрыс қалыптастыру қажеттігі туралы да айтылды.
2021 жылдың қорытындысына сәйкес, әйелдер еліміздегі жұмыс істейтін адамдардың 48,1 %-ын және барлық жалдамалы қызметкерлердің 48,9 %-ын құрайтынын атап өткіміз келеді. Әйелдер басқаратын ЖК саны 625 мыңнан асты.