Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 1,6%-ға ұлғайып, 2022 жылғы шілденің соңында 20 362,1 млрд теңгені құрады (жылдық мәнде өсу 27,1% болды).
Заңды тұлғалардың кредиттік портфелі бір ай ішінде 7 981,1 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға төмендеді (негізінен шетел валютасындағы кредиттердің қысқаруына байланысты), жеке тұлғалардың кредиттік портфелі 12 381,1 млрд теңгеге дейін 3,4%-ға өсті.
Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі бір айда 18 624,3 млрд теңгеге дейін 2,1%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,6%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға кредиттер 3,5%-ға өсті.
Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 737,8 млрд теңгеге дейін 3,7%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 3,5%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер 27,3%-ға төмендеді. 2022 жылғы шілденің соңында теңгемен кредиттердің үлес салмағы 91,5% (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%) болды.
Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 16 993,0 млрд теңгеге дейін 2,4%-ға ұлғайды, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 3 369,2 млрд теңгеге дейін 2,4%-ға азайды.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2022 жылғы шілдеде шетел валютасындағы кредиттердің қысқаруы есебінен (корпоративтік сектор кредиттерінің жалпы көлемінің 51,5%-ы) 3 994,8 млрд теңгеге дейін 4,2%-ға төмендеді.
2022 жылғы шілдеде банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 16,1% (2021 жылғы шілдеде – 11,6%), жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша – 16,3% (18,2%) болды.